Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

15 СТУДЕНТКЕ ҚМДБ ГРАНТЫ ТАБЫСТАЛДЫ (ФОТО)

ҚМДБ баспасөз қызметі https://www.muftyat.kz/ 27.02.2020 4492 0 пікір
15 СТУДЕНТКЕ ҚМДБ ГРАНТЫ ТАБЫСТАЛДЫ (ФОТО)

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни  басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Алматы қаласына жасаған ресми сапары аясында «Нұр-Мүбәрак» университеті басшылығымен кездесіп, студенттерге дәріс оқыды.

Мінберде алғашқы сөз алған Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Қадірлі студенттер, інілерім мен қарындастарым! Бүгінде жастарымызға терең білім, көркем мінез, мықты рух, өз қадірін білетін биік сана және ең бастысы тонның ішкі бауындай татулық керек. Бүгінгі таңда күш те, қуат та – білім мен бірлікте. Өздеріңіз білесіздер, біз бұл бағыттағы бастамамызды «Жеті рухани қазық» тұғырнамасында айттық. Құжатта жазылған құндылықтар мен адамгершілік қасиеттер сіздердің күнделікті тұрмыс-тіршіліктеріңізде көрініс табуы тиіс. Өйткені, дін қызметкері қоғамды тәрбиелеуші тұлға. Аллаға шүкір, Діни басқарма мемлекеттің қамқорлығын сезініп келеді. Мемлекет басшысы, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевпен, Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуде де мемлекет қамқорлығы сөз болды. Осы оқу орнына мемлекеттік оқу гранттарының бөлінуі үлкен жанашырлық деп білемін.

Ендеше, осында оқып жүрген ұл-қыздарымыз, бауырларымыз ел-жұртқа пайда келтіретін білім ізденсе, жаһанның ең озық технологияларын үйренсе, ұлттық дәстүр-салтымызды, әдебиетімізді, мәдениетімізді көкейіне тоқып алса – тәуелсіздікке қосқан үлес осы болмақ.

ҚМДБ «Зекет» қорының директоры Талғат Омаровтың үйлестіруімен мүфтияттың 30 жылдық мерейтойы аясында өз тобынан оза шапқан оқу озаттарына, тағдырдың жазуымен жетім қалған студенттерге, көпбалалы отбасыдан шыққан шәкірттерге грант тағайындауды қолға алдық. Бұл грантқа осында отырған бәріңіз әбден лайықсыздар деп есептеймін. Алла баршаңызға жар болсын!» деген ізгі тілегін жеткізді.

«Зекет» қорының директоры Талғат Омаровтың айтуынша, тиісті комиссия шешімімен көпбалалы отбасыдан шыққан, жетім қалған, сондай-ақ үздік оқитын 15 студенттің оқу ақысы қор есебінен төленген. Талғат Сейіткәрімұлы бұл бағыттағы игі жоба өзге де зайырлы оқу орындарында жалғасатынын жеткізді.

Айта кетсек, жыл басында Діни басқармаға 30 жыл толуына орай 30 студентке оқу грантын тағайындау жоспарланған.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру