Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Қостанай: Құрбан айтқа дайындық пысықталды

Қостанай облысы өкілдігінің баспасөз қызметі 19.05.2026 58 0 пікір
Қостанай: Құрбан айтқа дайындық пысықталды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысы өкілдігінің ұйымдастыруымен қала және аудан имамдарының қатысуымен онлайн форматта жиын өтті.

Басқосуға облыстың Бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы жетекшілік етті.

Жиын барысында алдағы Құрбан айт мерекесіне дайындық мәселелері кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, құрбан шалатын орындардың дайындығы, тазалық талаптары, қасапшыларға арнайы түсіндіру және дәріс жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ айт намазының ұйымдастырылуы сөз болды. Сонымен қатар мереке күндері мешіттердегі тәртіп пен қауіпсіздік шараларын күшейту қажеттігі айтылды.

Бас имам мешіт қызметкерлеріне Құрбан айт кезінде халыққа сапалы діни қызмет көрсетудің маңызын атап өтіп, жамағатпен жұмысты жүйелі ұйымдастыруды тапсырды.

Кездесу барысында жазғы маусымда балаларға арналған лагерьлер өткізу мәселесі де қозғалды. Имамдарға шәкірттердің мешіттердегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жас буынның рухани тәрбиесіне көңіл бөлу және жазғы сауат ашу курстарын мазмұнды ұйымдастыру жөнінде нақты міндеттер жүктелді.

Сондай-ақ балалар мен жасөспірімдерге арналған «Имандылық әліппесі», «Азбука» секілді рухани-танымдық кітаптарды кеңінен пайдалану қажеттігі айтылып, діни-ағартушылық бағыттағы жұмыстарды жандандыру мәселесі қарастырылды.

Жиын соңында алдағы жұмыстар жүйеленіп, бірқатар нақты тапсырмалар берілді.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру