Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Жетісу: Құрбан айтқа дайындық бойынша арнайы жиын өтті

Жетісу облысы өкілдігінің Баспасөз қызметі 19.05.2026 53 0 пікір
Жетісу: Құрбан айтқа дайындық бойынша арнайы жиын өтті

Талдықорған қалалық «Тәубе» мешітінде Жетісу облысының Бас имамы Керімбек Сәрсембайұлының төрағалығымен Құрбан айт мерекесіне дайындық бойынша жиын өтті.

Жиынға аудан-қала имамдары мен қасапшылар қатысты. Онлайн және офлайн форматта өтетін Құрбан айт мерекесін жоғары деңгейде ұйымдастыру мақсатында нақты тапсырмалар берілді.

«Құрбан айт – мұсылман үмбетінің ынтымағын арттырып, мейірім мен жанашырлықты насихаттайтын ерекше мейрам. Бұл күндері халқымыз ізгілік жасап, мұқтаж жандарға қолдау көрсетіп, бауырмалдық пен татулықтың қадірін терең сезінеді. Сондықтан алдағы мерекені жоғары деңгейде ұйымдастыру – баршамызға ортақ жауапты міндет», – деп атап өтті бас имам.

Жиында мерекеге қатысты ұйымдастыру шаралары кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, «Дін мен дәстүр» бағытына жауапты Серік Шәріпұлы, Ақпарат және қоғаммен байланыс саласына жауапты Ерлан Кенесбекұлы, ҚМДБ Жетісу облысы бойынша «Зекет және қайырымдылық» қорының жауапты маманы Омар Хадысұлы, сондай-ақ Цифрлық даму бағытына жауапты Ернар Дәлелханұлы өз бағыттары бойынша баяндама жасады.

Жиын соңында аудан-қала имамдары атқарылған жұмыстар бойынша есеп беріп, алдағы міндеттер нақтыланды.








Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру