Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Рант мүшесі Батыржан Берденұлы Ұлытау өңірінде

ҚМДБ Баспасөз қызметі muftyat.kz 17.05.2026 50 0 пікір
Рант мүшесі Батыржан Берденұлы Ұлытау өңірінде

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшесі, ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі әрі Ғұламалар кеңесінің хатшысы Батыржан Берденұлы Мансұров Ұлытау облысына арнайы іссапармен барды.

Үш күнге жоспарланған сапар аясында өңірдегі түрлі мекеме қызметкерлерімен кездесулер ұйымдастырылып, рухани-ағартушылық бағыттағы насихат жұмыстары жүргізілуде.

14 мамыр күні Жезқазған қаласында полиция басқармасы қызметкерлерімен кездесу өтіп, қоғамдағы рухани құндылықтар, дін мен дәстүр сабақтастығы, жастар тәрбиесі секілді маңызды мәселелер сөз болды.

Сонымен қатар өңір имамдарының қатысуымен «Діни ағартушылық және уағыз-насихат жұмысын сапалы ұйымдастыру» тақырыбында семинар ұйымдастырылды. Семинар барысында уағыз айту әдебі, жамағатпен байланыс орнату мәдениеті және ихсан ілімінің рухани тәрбиедегі орны, насихат айтудағы көркем сөз бен даналық, мінбер әдебі және заманауи аудиториямен жұмыс жасау тәсілдері талқыланды.

Сол күні «Жігер» дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен Ұлытау облыстық Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерімен де кездесулер өткізіліп, дәстүрлі дін құндылықтары насихатталды.

Сонымен қатар, құптан намазынан кейін Сәтбаев қалалық «Балмағамбет Балқыбайұлы» мешітінде жамағатқа арнайы уағыз айтып, ихсанның адам тәрбиесіндегі орны мен мұсылман өміріндегі маңызы жөнінде насихат жүргізді.

15 мамыр күні Батыржан Мансұров Жезқазған қаласындағы мамандандырылған күзет қызметі басқармасы және Жезқазған қалалық әкімшілік қызметкерлерімен арнайы кездесулер өткізді. Кездесу барысында қоғамдағы рухани құндылықтарды дәріптеу, қызмет барысындағы адамгершілік пен жауапкершілік мәселелері кеңінен сөз болды.

Сондай-ақ жұма күні «Ахмет Ишан Оразайұлы» мешітінде жұма намазына қатысып, жамағатқа «Қажылықтың тәрбиелік және рухани құндылығы» тақырыбында уағыз жүргізді. Уағыз барысында қажылықтың рухани мәні, қасиетті сапарға дайындық және мұсылман өміріндегі маңызы кеңінен түсіндірілді.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру