ҚМДБ «Әйел-қыздар» секторы Алматы қаласы өкілдігінің ұйымдастыруымен «Әйел – адал қоғам тірегі» атты рухани-танымдық форум өтті. Іс-шараның мақсаты – қоғамдағы әйелдің рөлін айқындау, отбасы құндылықтарын насихаттау және рухани тәрбиені дәріптеу.
Форум қасиетті Құран аяттарын оқып, бата берумен басталды. Жиын барысында «Әйел-қыздар» секторының 10 жылдық жұмысына арналған арнайы бейнеролик көрсетіліп, Алматы қаласының Бас имамы Төлеби Дәділұлы сөз сөйледі. Сонымен қатар, сектордың негізгі бағыттары мен атқарылған жұмыстары таныстырылды.
Шара барысында әйелдің қоғамдағы орны, ананың тәрбиесі мен ұлттық құндылықтардың маңызы жайлы тағылымды ойлар айтылып, қатысушыларға рухани әсер сыйлаған мазмұнды пікірлер ортаға салынды.
Форумда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан 2016 жылы құрылған «Әйел-қыздар» секторы бүгінде еліміздің рухани кеңістігінде өзіндік орны бар ірі институтқа айналғаны атап өтілді. Қазіргі таңда сектор республика бойынша 20 өңірде жұмыс жүргізіп, діни білім мен ұлттық тәрбиені ұштастыратын жобаларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.
Сондай-ақ «Әжелер мектебі», «Аналар мектебі» және «Қыз-келіншектер» клубтарының қоғамдағы рухани байланысты нығайтудағы маңызы ерекше екені айтылды. Бұл жобалар отбасы институтын сақтау, ұрпақ тәрбиесін күшейту және қоғамдағы өзекті мәселелердің алдын алуға бағытталған.
Форум аясында ҚМДБ «Әйел-қыздар» секторының меңгерушісі Динара Құтқожақызы «Шаңырақ шаттығы: Салиқалы жардың сипаты» тақырыбында баяндама жасады. Сонымен қатар, ҚМДБ Шымкент қаласы бойынша «Әйел-қыздар» секторының жауапты маманы Балжан Асылханқызы «Мүміндердің аналары – бізге үлгі», Түркістан облысы бойынша жауапты маман Еңлік Мұратқызы «Отбасындағы кикілжіңдерді сабырмен және даналықпен шешу жолдары», ал Алматы қаласы бойынша жауапты маман Гүлмира Ілесбайқызы «Ананың дұғасы — баланың қорғаны» тақырыптарында мазмұнды баяндама жасады.











ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Алматы қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі
azan.kz
15.05.2026
129
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру