
ҚМДБ «Халал Даму» стандарттау және сертификаттау мекемесінің директоры Айбек Асқарбекұлы мен Ақмола облысының бас имамы Қуаныш Сәбит өңірдегі кәсіпорындарда айлық аудит жұмыстарын жүргізді.
Аудит жұмыстарына технолог Мейіржан Бауыржанұлы мен халалдың жергілікті өкілі Науан Муталов та қатысты. Бақылау-қадағалау барысында «Макинск» құс фабрикасы, «Бижан» ет комбинаты, «Гормолзавод», «Нәтиже», «Садовое» сүт фабрикалары, қоғамдық тамақтану орындары, кондитерлік цехтар, ет дүкендері тексерілді.
Аудит барысында кәсіпорындардың өндірістік процестері, пайдаланатын шикізаттары мен дайын өнімдерінің «QMDB Halal» стандартына сәйкестігі жан-жақты тексерілді. Сонымен қатар, өндіріс орындарының санитарлық жағдайы, қызметкерлердің халал талаптарын сақтауы назарға алынды.
«Мұндай айлық тексерістердің басты мақсаты – халал сертификатына ие болған кәсіпорындардың өнімдерінің сапасын тұрақты түрде бақылап, тұтынушылардың сенімін нығайту. Аудит қорытындысы бойынша кәсіпорындарға қажетті ұсыныстар беріліп, стандарт талаптарын сақтау және одан әрі жетілдіру бойынша нұсқаулықтар ұсынылды», – дейді Айбек Асқарбекұлы.
Сондай-ақ, жергілікті жамағатқа «Халал – шариғат талабы» тақырыбында семинар өткізіліп, халал өнімдерді тұтынудың қажеттілігі мен артықшылықтары жайлы түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру