Абай облысы Көкпекті аудандық орталық мешітінің ұйымдастыруымен облыстық «Әуезді азан жарысы» өтті.
Жарысқа Абай облысына қарасты қалалық және аудандық мешіттерден 22 азаншы қатысып бақ сынады. Көкпекті аудандық мәдениет үйінде өткен сайыста азан үні әуелеп, бірінен-бірінің мақамы мен үні ерекше азаншылардың дауысынан жиналған жұрттың жүрегіне нұр төгілді.
Сайыстың шымылдығын ашқан Абай облыстық орталық мешітінің наиб имамы Ерлан Досымұлы азан айтудың дініміздегі орны мен Алла Тағаланың азаншыға дайындаған ақыреттік сыйы туралы сөз қозғап, Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім жеті жыл сауабына сене отырып азан шақыратын болса, Алла осыны, оның тозақтан құтылуына кепілдік қылады», – деген хадисін жеткізді.
Бұл сайыстың ерекшелігі облыстық деңгейде өтуінде және қомақты жүлде қорында болды. Атап айтқанда, Көкпекті ауданының бас имамы Кенжебек Қалияқпарұлы ұйытқы болған жарыста бас жүлде үшін ұмра қажылығы, 1-орын – құнан, 2-орын – тай, 3-орын – 100 мың, 4-орын – 50 мың теңге және барлық қатысушыға 20 мың теңгеден қаржылай сыйлық тағайындалды.
Жүлде үшін емес Алла разылығы үшін барын салып шын жүрекпен сайысқа қатысқан Азаншылардың арасында жүзден жүйрік жеңімпаздарды анықтау оңайға соқпады. Азаншының мақамына, дауыс ырғағына, азан сөздерін қатесіз толық айтуына, әріптерді махражынан (тиісті орнынан) шығаруына, Азан дұғасын қатесіз оқуына және билетте көрсетілген азанға қатысты сұрақтарға толыққанды жауап беруіне әділқазылар алқасы тарапынан баса мән берілді.
Абай облыстық орталық мешітінің наиб имамдары Ерлан Досымұлы мен Қуаныш Файзоллаұлы және Көкпекті аудандық мешітінің бас имамы Кенжебек Қалияқпарұлынан құралған әділқазылар алқасы, қатысушылардың арасынан осы аталған талаптар негізінде жеңімпаздарды анықтады.
Сайыс қорытындысы бойынша:
Бас жүлде – Умра қажылығын Семей қалалық Қос мұнаралы мешіттінің азаншысы Рүстемов Нұржан иеленді.
1-орын (Құнан) – Көкпекті аудандық мешітінің азаншысы Капасов Дәулет;
2-орын (Тай) – Семей қалалық Хакім Хазрет мешітінің наиб имамы Бірлікұлы Сұңқар;
3-орын (100 мың тг) – Семей қалалық Әбу Бәкір Сыддық мешітінің имамы Жүнісбек Айдын;
4-орынға (50 мың тг) Семей қаласы Төлеубек қажы мешітінің наиб имамы Татығанбайұлы Масғұд ие болды.
Өз кезегінде барлық қатысушылар және Көкпекті ауданының халқы осындай игі шараны жоғары деңгейде ұйымдастырған Көкпекті аудандық мешіті ұжымы мен белсенді жамағаттарына және дін жанашыры демеуші азаматтарға алғыстарын білдірді.
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру