Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасымен «Халал Даму» стандарттау және сертификаттау мекемесінің директоры Айбек Асқарбекұлы Қарағанды облысында аудит жұмыстарын жүргізді.
Бақылау-қадағалау шараларына «Халал Дамудың» бас сарапшы-технологы Айжан Қалмаханқызы, технолог Нұрбек Қанатұлы, халалдың өкілі Амангелді Асқаров қатысты.
«Кезекті тексеріс барысында кәсіпорындардағы өнімнің өндірілуінен бастап, дүкен сөрелеріне жеткізуіне дейінгі барлық процесс толықтай қадағаланды. Дайын өнімдердің сақталуы, тасымалдануы, жеткізуші техникалық құралдардың халал стандартқа сәйкестігі, сату алаңдарында бірыңғай халал өнімдердің орналасуы, қызметкерлердің стандарт талаптарын сақтауы, санитарлық-тазалық мәселелері тексерілді. Қорытынды акт бойынша, мекемелерде бекітілген стандарт талаптарын бұзу жағдайлары анықталмады», - дейді Айбек Асқарбекұлы.
Сапар барысында «Еркелет букет», «Жизнь для здоровья», «Сарымбаева», «Абай Агро» кәсіпорындарына «QMDB Halal» сертификаты табысталды. Сондай-ақ, ерлер және әйелдер жамағатына семинар өткізіліп, халал стандарттау және сертификаттауға қойылатын талаптар мен ерекшеліктері түсіндірілді. Жиылған жамағатқа халал ас тұтынудың маңызы, тағам өнімдерін сатып аларда, тұтынарда аса мән берілуі тиіс жәйттар, күнделікті ас өнімдері құрамында жиі кездесетін тағамдық қоспалар, халал өнімдер дайындау технологиясы жөнінде құнды ақпаратпен бөлісті. Семинар соңында облыстың бас имамы Естай Айтуғанұлы «Халал Даму» ұжымына алғысын білдіріп, халықты халал ас тұтынуға шақырды.
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру