Түркістан облысы Түлкібас ауданының Абай ауылында халықаралық ғылыми конференция өтті.
Иә, халықаралық деңгейдегі басқосулардың ірі мегаполисте немесе облыс орталықтарында ұйымдастырылатыны мәлім, бұл конференцияның бір ерекшелігі де талқыланған тақырыпқа арқау болған тарихи нысан – «Мұхаммед Нұран баб» кесенесінің ашылуына орайластырыла өткізілуінде еді. Кесене – бабтар дәуірінен жеткен жалғыз жазба ескерткіш.
Өзгеше форматта өткен жиынға көршілес елдердің ғалымдары, нақтырақ айтсақ Қырғызстан Президентінің кеңесшісі, халық жазушысы Арслан Қойчиев және профессор, түркітанушы Қадырали Конкобаев бастаған арнайы делегация, Қазақстан Парламенті Сенатының депутаттары Дархан Қыдырәлі, Алишер Сатвалдиев, іргелес Жамбыл облысы, Шымкент қаласының зиялы қауым өкілдері, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ оқытушы-профессорлар, ғалымдар, археологтер мен тарихшылар, ауыл тұрғындары қатысты. Абай ауылынан осыдан алты жыл бұрын, яғни 2018 жылы «баб» сөзі қашалған құлпытас табылған еді. Осыған орай Халықаралық Түркі академиясының археолог ғалымдары Нәпіл Базылхан және Нұрболат Бөгенбаевтың жетекшілігімен қазба жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде «Мұхаммед Нұран баб» атты тұлғаның құлпытасы және құнды жәдігерлер анықталған-ды. Конференцияның өтуіне айтулы тұлғаға орнатылған еңселі кесененің ашылуы және қазба жұмыстарының қорытындысы негіз болып отыр.
«2018 жылы күзде қазіргі Түркістан облысы, Түлкібас ауданының бұрынғы Әлдибастау, бертінде Шавровка, Каганович делінген, бүгінгі Абай ауылынан тарихи тағылымы мол жаңа жәдігер – ерекше ескерткіш табылғанын» алғаш болып көрнекті жазушы, публицист Мархабат Байғұт «Егемен Қазақстан» газеті (10.12.2019) арқылы елге жария еткен. «Түркістан облысының тарихи Түркібасы өңірінде, яғни қазіргі Түлкібас ауданы аумағында археологиялық зерттеулер өте-мөте аз жүргізілгені белгілі. Ертеректегі тарихшы ғалымдар Машат, Дәубаба, Қараүңгір, Түркібасы, Ақсу-Жабағылы, көне Тамтадж, Бүйрекбастау (Жаңаталап), Балықты, Шарапкент (Төрткүлтөбе), Ұрбұлақ, Сазтөбе, тағы басқа да тарихи ескерткіштер орындары туралы там-тұмдап жазған. Ал өткен күзде, баяғы біздің класс жетекшіміз Нұрхан Қыдырәлиевтің шарбағы мен Абай ұжымшары интернаты ортасынан табылған ескерткіш шынында да елді елең еткізген жаңалық болып отыр», деген-ді Мархабат көкем «Әлдибастау әулиесі» атты мақаласында. Ғылыми конференцияда сөз алғандар кезінде елді елең еткізген ескерткіштің құндылығы мен оған қатысты жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесіне тоқталды. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев өңірдегі тарихи ескерткіштердің туризмді дамытуда алар орны ерекше екенін айтып өтсе, сенатор Алишер Сатвалдиев Нұран баб кесенесін ғылыми айналымға енгізу керек деді. Қырғызстан Президентінің кеңесшісі Арслан Қойчиев Ислам мәдениетіне кеңінен тоқталды. Ал түркітанушы Қадырали Конкобаев қазақ-қырғыз руханиятының егіз екенін айтып өтті. Ясауи, Арыстан баб, Қарашаш ана сынды киелі мекендер Қырғызстанда да бар екенін айта келе, ғалым түрлі жат ағымдардан қорғану үшін Ясауи ілімін білудің, сондай-ақ бабтарды терең танып, зерттеудің маңыздылығына назар аударды. Құлпытасты алғаш оқыған түрколог, парсы тілінің маманы, белгілі дінтанушы-ғалым Зәріпбай Оразбайұлының айтуынша, «Нұран» – Алланың «Нұр» сипатына айна болған, пайғамбардың нұрын жеткізуші, әулиеліктің шыңына жеткен құтб-тұлғаға қатысты теңеу болса, «баб» сөзі есік, қақпа «дін қақпасы, руханият есігі» деген мағына берген. Жоғарыда аталған мақаласында жазушы Мархабат Байғұт та Нұран бабаның ерекше қасиетіне тоқталған: «Тарихтан белгілі, пайғамбарлар, әулиелер мен билеушілердің көпшілігі ұсталықпен, зергерлікпен айналысқан. Мәселен, Дәуіт пайғамбар қару-жарақтың пірі саналған. Мұхаммед Нұран бабаның да әулиелік қасиетінен бөлек оның жауынгер әрі ұста болғаны анық байқалады. Ұсталық ұлағаттарын ескерткіштен табылған заттар, оның ішінде, әсіресе өзгеше төс дәлелдейді. Төртінші сипаты әулие бұлақ десек, мамандар қазба жұмыстарын тәмамдағанда, бұлақ пайда болған. Ішкі бөлме суға толған. Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи, Үкаш ата, тағы басқа әулиелер кесенелері, мазарлары, бейіттері жандарында әулие бұлақтар бар екені белгілі. Қазақ байтағында Әулиебастау, Әулиекөл, Әулиебұлақ көп. Әлдибастау атауы да осы әулиемен астасып жатқан болар, бәлкім...».
Мысалы, Мархабат Байғұттың «Таупістелі тағылымы» төл жобасы аясында түркітілдес халықтардың қаламгерлері, ғалымдары, ұлт зиялылары бас қосып, келелі мәселелерді талқылаған еді. Бұл форум жалғасын таппақ. Осы орайда сенатор Дархан Қыдырәлі игі бастама, яғни «Таупістелі тағылымын» келесі жылы жазушының 80 жылдығына орай, кең көлемде түркітілдес зиялы қауымның қатысуымен өткізу жоспарланып отырғанын айтты.
Мемлекет басшысы 2019 жылы Ұлытауда еліміздің барлық өңірінде туризм аймағы болуға лайықты киелі орындар жеткілікті екенін айта келе: «Ата-бабаларымыздың рухын туризмнің озық үлгілері арқылы дәріптеуіміз керек» деп, елімізді рухани-этнографиялық туризмнің орталығына айналдыруды тапсырған еді. Осы орайда сенатор Дархан Қыдырәлі киелі мекендерді мемлекет қарауына алу, заңды күшейту, инфрақұрылымды дамыту, жол салу, қонақүйлер, визит орталықтарын ашу, экологияны реттеу, ақпарат-насихат жұмыстарын арттыру, интернетпен қамтамасыз ету сияқты іргелі жобаларды жүйелі жүзеге асыру қажеттігін айтып, депутаттық сауал жолдаған. Онда қазақ хандарының қорымына тарихи-археологиялық зерттеулер жасалмағаны айтылды. Сондай-ақ бағзы Исфиджабтан жеткен Ибраһим ата, Қарашаш ана, Қызыр хазірет сияқты тарихи-рухани нысандарды сақтау, реставратор, консерватор сияқты мамандарды даярлау сынды бірқатар мәселелерді көтерді. Абай ауылында өткен ғылыми конференция да тарихи ескерткіштің маңыздылығына назар аударумен қатар, оның сақталуына, насихатталуына үлес қосудың бір көрінісі.
Конференцияда сөз алған белгілі түрколог Нуриддин Усеев әйгілі «Манас» дастанында Түркібасы атауы аталатынына нақты деректер келтірді. Дастанда үлкен шайқаста түркі кіндігінен таралған халықтардың жиылып жауға тойтарыс бергендігі айтылатынын, сонымен қатар Манастың осы Жыландысудың бойына келіп шайқасқа қатысқанын, сондықтан бұл жер Түркібасы аталғанын нақты деректермен баяндап берді. Түлкібастың бүгінгі атауын Түркібасы деп өзгертуге қатысты пікірін де жеткізді. ҚМДБ жанындағы Ислам ғылыми-зерттеу институтының директоры Төрәлі Қыдыр Ислам әртүрлі дінді ұстанушы түркілердің басын біріктіріп, бір сенімнің өкілі болуына септігін тигізгенін атап өтті. Археолог-ғалым Марат Тұяқбаев «халық аузында жиі айтылғанымен, осы күнге дейін «баб» сөзі қашалған бірде-бір құлпытас кездескен емес. Абай ауылынан тұңғыш кездескені тың өріс» екенін еске салды.
Айта кетелік, мемлекет қорғауына алынған кесенеде құнды жәдігерлер келушілердің көріп-білуіне қолайлы әрі ерекше әсер қалдыратындай заманауи үлгіде жабдықталған орындарға қойылған.
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру