Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Өскеменде VIII ақсақалдар форумы өтті

Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітінің баспасөз қызметі furqan.kz 31.10.2024 1823 0 пікір
Өскеменде VIII ақсақалдар форумы өтті

«Ислам және дәстүр құндылығы» жылы аясында ҚМДБ Шығыс Қазақстан облыстық өкілдігінің ұйымдастыруымен Өскемен қаласында «Озық ойлы ұлт: дін мен дәстүр және ақсақалдар мектебі» атты облыстық VIII ақсақалдар форумы өтті.

Жиынға қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, қала, аудандардан елге беделді  ақсақалдар және діндарлар, имамдар қатысты. Сонымен қатар мемлекеттік мекеме өкілдері де болды.

Шарада ұлттық құндылықтарды қастерлеудің маңыздылығымен ұрпақ тәрбиесіндегі ақсақалдардың ролі сараланды. Жыл сайын дәстүрге айналған бұл форумда салт-дәстүрді сақтаудың өзектілігі жайлы салиқалы баяндамалар жасалды.

 Жиынды ашып сөз сөйлеген облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Манарбек Мұхаметжанов: «Ұлағатты тәрбиенің негізгі өзегі салт-дәстүрмен дәстүрлі Исламда жатыр. Аға буын ұлағатты болса, ата ақылға бай, әже мейірімді болса болашақ ұрпақ саналы болады. Ақсақалдар форумының негізгі мақсаты ұлттық тәрбиені жаңғырту, Исламмен ұштастыра дамыту» дей келе, шараның маңызына тоқталып, ақсақалдар институтын дамытудың маңызына тоқталды.

Форумға сондай-ақ ҚМДБ-ға қарасты «QAMQOR-SHARAPAT» салттық қызмет көрсету Орталығының директоры Мейрамбек Қабылбекұлы қатысып, қазіргі таңда жаназа және жерлеу қызметінің бірізділлікке түсірудегі атқарылып жатқан шараларды таныстырды.

Жиынға қатысқан Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) ШҚО бойынша Департаментінің превенция басқармасының басшысы Бейсембаев Архат мырза ақсақалдар институты қоғамдағы бірлікті сақтауда сыбайлас жемқорлыққа қарсы насихатты жүргізуде зор тәрбиелік маңызы бар мектеп екендігін айта келе, әр ауылдың ақсақалдары жемқорлыққа қарсы насихаттарға белсенді қатысып, таза, әділетті қоғам қалыптастыру ісіне үлес қосуға шақырды.

Форумда көптеген тұлғалар сөз алып, ақсақалдар және руханият мәселесі жөнінде өзекті ойларын ортаға салды.

ШҚО бас имамы Ермек Қасболатұлы форумды қорытып сөз сөйлеп, «Ақсақалдар қай ғасырда ұлттың ұйтқысы, бірліктің бастауы болып келген. Қазіргі уақытта ақсақалдар мектебінің ролімен ұлттық тәрбиедегі орны кеңейе түсті. Қоғам үшін қариялардың даналыққа толы өсиеті мен үлгі өнегесі, әділдік ұстанымы ауадай қажет. Қариялардың тәлімінен сусындап өскен ұрпақ салауатты да салиқалы болады. Халқымыз «Қарты бар елдің қазынасы бар» деп бекер айтқан жоқ. Біз өкілдіктен алғаш рет осы форумды бастап жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіп келеміз. Өз кезегінде бұл шара нәтижесін беріп отыр» деп бұл шараның мән-мағынасын баяндап, Мемлекет басшысы атап өткен дәстүрлі Исламды дамыту, ұлт ғұламаларының еңбектерін насихаттауда айырықша маңызға ие екендігін жеткізді.

Форумды салиқалы ұсыныстар айтылып, қатысушылар Үндеу қабылдады.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру