Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Өскеменде Мәуліт айына орай рухани кеш өтті

ҚМДБ Баспасөз қызметі muftyat.kz 29.09.2024 1133 0 пікір
Өскеменде Мәуліт айына орай рухани кеш өтті

Шығыс Қазақстан облыстық өкілдігінің ұйымдастыруымен Өскемен қаласындағы драма театрда Мәуліт мерекесіне арналған «Бабалар айтқан асыл сөз» рухани кеші өтті.

Мәуліт кешінде ұлтымыздың жауһар жыр термелерімен көмкерілген ғибраттық бағдарламаға негізделген бағытта өзгеше нақышта ұсынылды.

Рухани шаранының шымылдығын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, наиб мүфти Сансызбай қажы Құрбанұлы ашып, халықты Мәуліт мерекесімен құттықтады және Бас мүфтидің арнайы сәлемін жеткізді.

«Адамзаттың ұлы тұлғасы Ардақты пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)дүниеге келген айын рухани мейрам ретінде атап өту бұрыннан келе жатқан дәстүр. Алланың елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)ғибратты ғұмыры барлық адамзатқа өнеге. Оның тағылымы сарқылмас кәусар іспетті, сондықтан да  пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)барлық құрмет лайық» деп атап өтті.

Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)құрметіне арналған рухани кеш Құран оқумен басталып, жыршы, термеші Марат Сүгірбай және «Халифа Алтай» мешітінің қызметкері Ербол Саргелов жас шәкірттермен бірге рухани мәуліт жырын оқыды. Қобызда қалықтаған мәуліт жыры көрермендерге ерекше әсер етті.

«Бабалар айтқан асыл сөз» рухани кешіне қонақ ретінде белгілі жырау, домбырашы, профессор, Қазақстанның «Еңбек сіңірген қайраткері» Алмас Алматов және әнші, термеші Қазақстанның «Еңбек сіңірген қайраткері” Әлмырза Ноғайбаев, әнші, термеші Марат Сүгірбай, жыршы Күнсұлу Түрікпен және Ербол Саргелев қатысып, тағылымды жыр-термелерін көрерменге ұсынды.

Қазақтың жыраулық өнерінде орны бар, ұлттық мұраны ұлықтап жүрген А.Алматов пен Ә.Ноғайбаевқа халықтың құрметі айырықша болды. Кеш барысында дәстүрлі әндер шырқалып, діни әуендер асқақтап, тәлімдік термелер айтылды.

Рухани-ғибраттық кеште көрерменге арнап ҚМДБ  «Muftiyat» баспасынан шыққан кітаптардың көрмесі ұйымдастырылды.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру