Жақында Қостанай облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінде өңірдегі аудан және қала имамдарының қатысуымен «Имамның тұлғалық келбеті» тақырыбында семинар өтті.
Онда бүгінгі таңдағы маңызды әрі әрбір имандылық ордасындағы имамдардың заман талабына сай қызметтік міндеттерін айқындайтын мәселелер айтылды. Алдымен наиб имам Бақытжан Икрам ҚМДБ-ның имамдар форумында қабылданған «Имамның тұлғалық келбеті» құжатын басшылыққа ала отырып, оларға тән көркем-мінез, адалдық, жауапкершілік және басқа да қасиеттер жайлы сөз етті.
Сонымен қатар семинар одан әрі жалғасып, облыстағы білікті жас мамандардың бірі Алтынсарин аудандық «Алдиярұлы Жанұзақ» мешітінің бас имамы Ансаған Абдрахман дәріс оқыды. Ол дәріс барысында бүгінгі таңдағы имамдар басшылыққа алатын басты ілімінің бірі «Усул аль-фиқһ» ережесі бойынша, Құран, сүннет, ижмағ және қияс қағидаттарын түсіндірді. Сондай-ақ жамағаттарға Құран мен хадистегі кейбір мәселелерді дұрыс ұғындыра білу және түсіндіру жайын кеңінен баяндады.
Семинарға қатысушылар баяндамашының келтірген деректер мен дәйектерінен көп жайды көңілдеріне түйді. Өздерін толғандырып жүрген мәселелерге тұшымды жауап алды.
Сондай-ақ Республикалық ақпараттық насихат тобының мүшесі Нұрсұлтан Мамедалиев Тобыл-Торғай өңіріне арнайы келген іссапарында осы семинарға қатысып, аудан және қалалардың бас имамдарына дәріс оқыды. Дәріс барысында өзі жетік білетін ақида іліміне қатысты мәселелерді қозғады. Мәселен, бұл күндері көпшілікті толғандырып отырған теріс ағымдардың алдын-алу, одан жастарды сақтандыру бағытында егжей-тегжейлі түсіндірді.






ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
akmechet.kz
26.09.2024
1487
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру