Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ақтөбе: Жастар жамағатына насихат айтылды

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі nurgasyr.kz 25.09.2024 1418 0 пікір
Ақтөбе: Жастар жамағатына насихат айтылды

Ақтөбе облысының бас имамы Амантай Садиевтің бастамасымен қала мешіттерінің жастар жамағаты орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде рухани кештің қонағы болды.

Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеге келген Мәуліт айына орай ұйымдастырылған игі іс-шараға Ақтөбе қаласындағы мешіттердің имамдары мен жамағаты келіп, рухани отырыста ұстаздардың өнегелі насихаттарын құлақ асып тыңдады.

Облыстық мешіттің наиб имамдары мен ұстаздары, Ақтөбе қалалық мешіттің бас имамы жас буынға жастық кездегі құлшылық пен жақсылық жасаудың маңыздылығына тоқталып, дінге қызмет етудің сауабын баяндады.

Сонымен қатар жақында облысқа жаңадан тағайындалған бас имам Амантай Әбілдәұлы жастармен сұхбаттасып, жақыннан танысты. Ол жастар жамағатын бойда күш-қайрат пен ықылас толы кезең – жастық шақтың қадірін біліп, әрқашан да сауапты істерде алдыңғы қатардан табылуға шақырды. Асыл дініміз Исламды насихаттау жолында, мешіттердің игі шараларында жастардан қолдау күтетінін жеткізді.

Одан өзге Алла разылығын көздеген жамағатты бірлік пен ынтымаққа шақырып, Раббымыздың жолында ниет пен ықыласты қолбасшы қылып алуды ұсынды. Жиын соңында жас жамағат рухани ұстаздарға алғысын білдіріп, құрмет көрсетті.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру