Ақтөбе облысының бас имамы Амантай Садиев Қобда ауданына арнайы барған жұмыс сапарында өңірдегі 5 мешіттің тыныс-тіршілігімен танысты.
Амантай Әбділдаұлы ауданның бас имамы Абай Шымболаттың атқарған жұмыстары туралы есебін тыңдады. «Шәріп молда атындағы» орталық аудандық мешіт, Талдысай ауылдық мешіті, Егіндібұлақ ауылындағы «Бақыт ана» мешіті, Әлия ауылындағы «Рахман» мешіті, Қызылжар ауылындағы Абылайхан мешітіне арнайы барып, жай-күйін көріп, тазалығына назар аударып, ғимараттың ішкі және сыртқы жұмыстарын тексерді. Одан өзге мешіттің қыс мезгіліне дайындығы пысықталды.
Бұдан кейін Амантай Әбділдаұлы аудан әкімі Ізгілік Досмұратұлымен кездесті. Кездесу барысында облыстың бас имамына аудан басшысы өңірдегі діни ахуалды баяндап, атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды. Сонымен қатар Облыстың бас имамы алдағы жоспарларымен бөлісіп, өңірдегі діни ахуалды жақсарту үшін білімді, тәжірибелі дін мамандарын тартудың маңызына тоқталды. Аудан әкімі ортақ мақсаттарды жүзеге асыруға әрқашан мүдделі екенін жеткізді. Басқосуда жастарды деструктивті діни ағымдардың теріс идеологиясынан сақтандыру, өскелең ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеу мәселесі сөз болды. Облыстың Бас имамы «Мүфтият» баспасынан шыққан «Бабалар ізімен: Қазақ даласындағы мұсылмандық мектеп» кітабын аудан әкіміне сыйға тарту етті. Кездесу соңында тараптар игі жобаларды бірлесе жүзеге асыруға келісті.
Сондай-ақ Ақтөбе облысының бас имамы Жарық ауылында жаңадан бой көтеріп жатқан мешіттің жұмысымен танысты. «Кімде-кім Алла үшін мешіт салса, Алла Тағала оған тура сондай етіп, жәннатта бір үй тұрғызады», – (имам Бұхари, Муслим)» деп Амантай Әбділдаұлы мешіт бірлік пен ынтымақ мекені, имандылық ордасы екендігін атап өтті. Облыстың бас имамы мешіт құрылысына қолдау білдірген жамағат пен демеуші азаматтарға алғыс айтып, жұмыстарына береке тіледі. Сонымен бірге Әлия ауылына барып, «Рахман» мешітінің күрделі жөндеу жұмыстарының жай-күйін бақылады. Бас имам онда жүріп жатқан құрылыспен жіті танысып шықты. Айта кетсек, «Рахман» мешіті батыр қыз Әлия Молдағұлованың туған жері – Әлия ауылында салынған. Архитектуралық сәулеті қазақ даласында орта ғасырларда болған мешіттерге тән. Биіктігі 14 метр болатын сәулетті мешітте бір мезетте 100 адам намаз оқи алады.
Сапар соңында Ақтөбе облысының бас имамы Амантай Садиев Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің Қобда бөліміне барып, тарихқа көз жүгіртіп, атадан балаға мирас болып келе жатқан көне мұраларды тану үшін музейде саяхат жасады. «Музей – халық қазынасын сақтап қана қоймай, насихаттап, өткен ғасырлар мен бүгінгі күннің арасын жалғап, жас ұрпақтың өз тамырынан ажырап қалмауына қызмет ететіні ақиқат. Осы тұрғыдан дін де мәдениет пен өнерге көп көңіл бөліп, тәрбие құралы»- деп Облыстың бас имамы атап өтті. Кездесу қортындысында шараға қатысушылар ұйымдастырушылар мен бас имамға ризашылығын білдіріп, ізігілікті насихаттайтын шаралар жалғасын тапса деген ұсынысын білдірді. Сонымен қатар тарихи жәдіргерлермен жіті және музей жұмысымен танысты. Айта кетсек, Қобда — қойнауына құт қонған киелі өңір. Қарақыпшақ Қобыландының мемориалды кешені, Абат батырдың жаны мәңгілік тыныш тапқан Абат-Байтақ қорымы, Исатай Тайманұлының кесенесі — осы өңірдің тарихи жәдігерлері. Қобда жері әйгілі батыр бабаларының даңқын Екінші дүниежүзілік соғысы жылдарында да лайықты түрде жалғастырды. Қобдалықтар Әлия Молдағұлова есімін мақтан етеді.
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру