Бірер ай бұрын Қостанай облысына жаңадан тағайындалған бас имам Бектұрсын Уәлиев жауапты қызметіне кіріскелі бері өңірдің бірқатар жерлерінде маңызды тақырыптар бойынша кездесулер өткізді.
Ол кезекті іссапарында Ұзынкөл ауданында болды. Аудан әкімі Марат Жұрқабаевпен кездесті. Әкім жергілікті мешіттің бас имамы Есенгелді Сақтағанұлымен діни мерекелерде тығыз байланыста жұмыс істеп келе жатқандығын тілге тиек етті. Оның қызметіне оң бағасын берді. Облыстың бас имамы сапар барысында жергілікті «Құрман баба» мешітінің тыныс-тіршілігімен және музейдегі құнды жәдігерлермен танысты. Осындағы асхана мен ауланы абаттандыруға байланысты жүзеге асырылған нақты істерді көзбен көрді.
Содан кейін Бектұрсын Торғайбайұлы мешіт жанындағы аталар және әжелер мектебінің өкілдерімен де жүздесті. Оларға ізгі лебізін білдіріп, барша имамдар жас ұрпақты имандылыққа тәрбиелеуде өздері секілді ақсақалдар мен ақ жаулықты аналардың батасын алып, ақыл-кеңесінесүйенетіндігін ерекше ілтипатпен айтты. Сондай-ақ, жиында бүгінгі таңдағы өзекті мәселе – ысырапшылдыққа жол бермеу және басқа да көкейтесті тақырыптар да әңгіме арқауына айналды. Іс-шараға жергілікті абыз ақсақалдар Кенесары Мырзахметов, Бақытжан Қазиханов, Аманжол Қонқабаев, Құттыбай Жақантаев және Хасан Еделбаевтар шақырылды.
Бас имамның аудандық Мәдениет үйіндегі жас ұстаздар және жамағат, жергілікті тұрғындар мен қазыналы қарттармен жиыны да жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Мұнда дәстүр құндылықтары, ысырапшылдыққа жол бермеу және жаназа алдындағы қонақасы беруге тыйым салу хақында ой бөлісті. Онда қажылар мен аға ұрпақ өкілдерінен көтерілген пікірлері бойынша қолдау көрсету жайы да сөз болды. Осы сапар кезінде бас имаммен өткізілген басқосуларға облыстық мешіттің наиб имам Әлішер Ертайұлы да қатысты.
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру