Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ШЫМКЕНТ: «СҮЗІК АТА» КЕСЕНЕСІНДЕ РУХАНИ СЕМИНАР ӨТТІ

Шымкент қалалық өкілдігінің баспасөз қызметі iman.kz 06.09.2024 1703 0 пікір
ШЫМКЕНТ: «СҮЗІК АТА» КЕСЕНЕСІНДЕ РУХАНИ СЕМИНАР ӨТТІ

ҚМДБ-ның «Darhan Dala Travel» отандық туризмді дамыту және «Ізгі қоғам» бағыты бойынша Шымкент қаласының Еңбекші ауданында  орналасқан «Сүзік ата» (Мұстафақұл) кесенесінде «Бабалар ізімен: Қазақ даласындағы мұсылмандық мектеп» атты рухани-танымдық семинары өтті.

Рухани семинарға Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет Нұрматұлы, қалалық дін істері басқармасының басшысы Бақтияр Өнербаев, дінтанушы-магистр Мұхамеджан Естеміров, РАНТ мүшесі Дастан Желеуов, «Darhan Dala Travel» отандық туризмді дамыту бөлімінің жааптысы Самат Анарбаев, Еңбекші аудандық әлеуметтік бөлім бас маманы Ғалымжан Мырзашов, аудан бас имамы Ербосын Орын және жазушы-ғалымдар,  имамдар мен ардагерлер кеңесінің мүшелері қатысты.

Кесене аумағында тұңғыш ұйымдастырылған шараны дінтанушы-магистр Мұхамеджан Естеміров ашып, жүргізді. Осыдан кейін, Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет Нұрматұлы, қалалық дін істері басқармасының басшысы Бақтияр Өнербаев, ауыл ақсақалдары Өмірзақ Байболатұлы,  Мұрат Махаметов, Абдумутал Исройлов т.б. азаматтар арнайы баяндама оқыды.

Жалпы рухани семинар барысында қазақ даласына Исламның келу тарихы, халқымыздың әдет-ғұрпы мен сал-дәстүріндегі діннің алар орны мен бабалар ұстанған шариғат парыздары мен иман негіздері, діни рәсімдер, ас беру мәдениеті т.б. өзекті тақырыптар қозғалды.

Іс-шараға қатысқан зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, ақын-жазушылар ҚМДБ-ның ізгі қоғам бағытындағы жұмыстарына жылы пікірлерін жеткізіп, ізгі ниеттерін білдірді. Басқосу барысында бабалар рухына Құран бағышталып, Бас имам арнайы дұға жасады.

Айта кетсек,  Сүзік ата (Мұстафақұл) түркі даласының төл перзенті, Қазақстан мен Орта Азиядағы сопылық мектебінің көрнекті өкілі, ғұлама, Ислам дінінің жанашыры әрі насихатшысы, сопылық ілімнің көрнекті ұстазы, әулие бабамыз  Қожа Ахмет Ясауидің жиен немересі. Сүзік ата (Мұстафақұл) Құранды толық жаттап қари атанған. Ол тәпсір ілімі және хадис ілімдерін меңгерген. Жалпы, «Сүзік» деген сөз көне түркі сөзі, жұмсақ, нәзік деген мағыналарды білдіреді. Қожа Ахмет Ясауи жиен немересін осылай еркелеткен. Мұнымен қатар, қолөнер шебері болған.

Семинар соңында «Бұқара» мейрамханасында арнайы ас беріліп, бабалар рухына Құран оқылды. 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру