Жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша Қостанай өнірінде де көмекке мұқтаж отбасыларында тәрбиеленіп жатқан мектеп оқушыларына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасы бойынша қайырымдылық акциясы өтті.
Жуырда ғана облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінде акция өтіп, бас имам Бектұрсын Торғайбайұлы бастаған дін қызметкерлері балалардың қуанышына ортақтасты. Жиында сөз алған бас имама балаларғаізгі тілегін білдіре келіп, жаңа оқу жылында пайдаланатын сөмке мен құрал-жабдықтарды тапсырды. Сонымен қатар бірнеше көпбалалы отбасыларға киім-кешек берілді.
«Биыл да біз еліміздің болашағы болып табылатын оқушыларға қол ұшын беріп, қуанышқа кенелттік. Олардың жүзінен бақыттың ұшқынын көрудің өзі де бір ғанибет емес пе? Балдырғандарға осындай мүмкіндік тудырған күллі әріптестерім мен демеушілерге ризашылығымды білдіремін. Оларға Алланың нұры жауа берсін» дейді облыстың бас имамы Бектұрсын Уалиев.
Мұның алдында ғана облыс орталығындағы «Жайлаубай ата» және «Марал ишан» мешіттерінде де қолдауға зәру балаларға жоғарыдағы «Мектепке жол» акциясына байланысты балаларға оқу барысында пайдаланатын құрал-жабдықтар тапсырылған-ды. Жалпы облыстағы қалалық және аудандық мешіттерде 1000 ұл мен қыздарға қайырымдылық акциясы барысында көмек көрсетіліп, ата-аналардың алғысына бөленді.
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру