Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

АҚТӨБЕДЕ «QAMQOR-SHARAPAT» ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЦИФРЛАНДЫРУ СЕМИНАРЫ ӨТТІ

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі nurgasyr.kz 30.08.2024 2238 0 пікір
АҚТӨБЕДЕ «QAMQOR-SHARAPAT» ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЦИФРЛАНДЫРУ СЕМИНАРЫ ӨТТІ

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің конференция залында «QAMQOR-SHARAPAT» салттық қызмет көрсету орталығының қызметін цифрландыру семинары өтті.

Аталған жиынға елордадан арнайы келген ҚМДБ «QAMQOR-SHARAPAT» орталығының директоры Мейрамбек Қабылбекұлы, SHARAPAT DIGITAL ЖШС директоры Еркін Тойжанов қатысты.

Ақтөбе облысының бас имамы Амантай Садиев семинарды ашып, оның маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар басқосуға РАНТ мүшесі, «Ақтөбе» медресе-колледжінің директоры Әбдімүтәлі Дәуренбеков, имамдар мен молдалар, ақсақалдар қатысты.

Семинарда Мейрамбек Қабылбекұлы дін қызметкерлеріне мазарларды электронды қосымшаға тіркеудің мән-жайын жіті түсіндірді. Дүниеден өткен жақын адамдарыңыздың жатқан жерін мобильді қосымша арқылы табу қызметі заман талабы екенін және биылғы жыл соңына дейін барлық облыс орталықтарындағы зираттарды цифрландыру, зираттар туралы деректерді орталықтандыру жоспарда екенін айтты. Ал Еркін Тойжанов цифрландыру жұмыстарының қалай орнатылатындығын баяндады.

Бұдан кейін «QAMQOR-SHARAPAT» салттық қызмет көрсету орталығының директоры Мейрамбек Қабылбекұлы «Munara TV» арнасында қонақ болып, «Жұмадағы жүздесу» бағдарламасының тілшісі Ақтолқын Орысбайқызына сұхбат берді. Бағдарлама барысында орталықтың жұмыстарына тоқталып, цифрландыру семинарының маңыздылығын айтты.

Сондай-ақ Мейрамбек Қабылбекұлы сапар барысында Мәртөк ауданына барды. Аудандық мешітте өткен кездесуге Мәртөк ауылдық округінің әкімі Қонысбаев Орынғали, ауыл ақсақалдары мен дін қызметкерлері және облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Мәжит Әбішев қатысты. Кездесу барысында Мейрамбек Қабылбекұлы орталық жұмысын толық таныстырды. Сонымен қатар, жиынға қатысушылар аудан орталығындағы жаңадан пайдалануға берген зират басына барды. Мәртөк ауылдық округінің әкімі «QAMQOR-SHARAPAT» орталығының жұмыстарына қолдау білдіріп, аудан орталығынан зиратқа жаңадан бөлінген 5 гектар жер телімін Орталықтың Ақтөбе облыстық филиалының басқаруына берілетінін жеткізді.

Айта кетсек, бүгінде мүфтият жанынан «Зират жəне зиярат мəдениеті» құжатын басшылыққа алған «QAMQOR-SHARAPAT» салттық қызмет көрсету орталығы жұмыс істеп жатыр. Еліміздің барлық аймағынан орталықтың филиалдары ашылды. Орталық жерлеу рәсімдерін шариғат талаптарына сай бірізділікке келтіру, зират құлпытасын тұрғызу мәдениетін қалыптастыруға атсалысып келеді. «QAMQOR-SHARAPAT» орталығы марқұмды жуудан бастап, шариғат талаптары бойынша жаназа өткізу, қабірді қазу, жерлеу, ас беру, зират басына белгі тас қою т.б жерлеу рәсімдерінің толық кешенін атқарады.  

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру