Атырау қаласында ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорына қарасты «Qaiyrymdylyq Jarshylary» еріктілерінің өңірлік форумы өтті.
Форумға қор директоры Мақсатбек Қайырғалиев, Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы, өңір имамдары мен еріктілер қатысты. Жиында сөз алған Мақсатбек Мақсотұлы «Qaiyrymdylyq Jarshylary» еріктілер тобының қоғамдағы орнына тоқталды.
«Бұған дейін республикалық деңгейде еріктілерге арналған форумдар өткізген болатынбыз. Бүгінгі Атырау өңіріндегі еріктілермен кездесудегі басты мақсатымыз – арнайы бағдарлама аясында жұмыстар жүргізу және су тасқыны кезінде белсенділік танытқан еріктілерге алғыс білдіру» деді Мақсатбек Қайырғалиев.
Осыдан соң Мақсатбек Қайырғалиев пен Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы Атырау өңірінде су тасқыны кезінде белсенділік танытқан «Qaiyrymdylyq Jarshylary» еріктілеріне ризашылығын білдіріп, алғыс хаттарды тапсырды.
Форумнан соң «Qaiyrymdylyq Jarshylary» еріктілері мен мешіт жамағаты арасында спорттық ойындар ұйымдастырылып, жүлдегерлерге сыйлықтар тапсырылды. Сонымен қатар, «Qaiyrymdylyq Jarshylary» еріктілері мұсылман зираттарының айналасын тазалады. Мұсылман зиратының маңайын тазалап отыру – жәй ғана міндет емес, ізгі амал. Бұл ізгі амалды көркем түрде насихаттау, дүниеде қадірлі болған мұсылман адамның қабірін аяқасты етпей, құрметпен қарау – шараның негізгі мақсаты болды. Сауапты іске «Зекет және қайырымдылық» қорының директоры Мақсатбек Мақсотұлы, өңірдегі қайырымдылық өкілдері мен еріктілер қатысты.
Айта кетейік, аймақтық форум «Зекет және қайырымдылық» қорының «Qaiyrymdylyq Jarshylary» жобасының 2024 жылғы іс-шаралар жоспарына сәйкес өткізілді.
\
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру