Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Біліктілігін арттырған 77 дін маманына арнайы сертификат табысталды

Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз қызметі nmu.kz 09.07.2024 2157 0 пікір
Біліктілігін арттырған 77 дін маманына арнайы сертификат табысталды

Еліміздің 20 өңірінен келген исламтанушылар мен имамдар, дінтанушы, теолог инспекторлар біліктілігін арттыруға арналған бір айлық курсты аяқтады. 

«Исламдық бағыттағы деструктивті және радикалды діни идеологияны ұстанушыларды радикалсыздандыру және оңалту саласындағы мамандардың біліктілігін арттыру» курсын Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитеті мен Нұр-Мүбарак университеті биыл бесінші жыл қатарынан өткізіп келеді. Себебі курс отандық дін қызмекетерлерінің біліктілігін арттыруда едәуір оң нәтижелерін көрсетуде. Курс еліміздегі мақсатты топтармен (радикалдармен) атаулы түсіндіру жұмысын ұйымдастыруда және деструктивті радикалды ағымдарға ерушілермен жұмыс істеу құралдарын қамтитын өзекті дәрістік бағдарламамен, академиялық тәсілмен ерекше.

Дін саласындағы өзекті 15 пәннен 140 академиялық сағат дәріс тыңдаған 77 дін қызметкеріне (қатысушылардың үштен бірі ҚМДБ имамдары) ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшелері, ҚР МАМ жанындағы Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының сарапшылары, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Академиясы, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Дипломатия институты, еліміздің жетекші оқу орындарының ғалымдары мен жоғары білікті мамандар дәріс оқыды.

Тыңдаушылардың білімін бақылау және бағалау мақсатында «Радикалданудың алғашқы белгілері және алдын алу әдістері: діни мәтіндерді түсіну проблематикасы», «Теология және философия: олардың қазіргі әлемдегі арақатынасы», «Дін социологиясы және қазіргі діндарлықтың ерекшеліктері», «Конфликтология және конфликт барысындағы медиация», «Ханафи жамағаттарының радикалдануының қауіпі және факторлары» және тағы басқа тақырыптарда тест алынып, нәтижесінде мамандардың дәрежелері анықталды.

Курстың сертификат табыстау салтанатында Маңғыстау облыстық Бекет ата мешітінің наиб имамы, оңалту жұмыстарына жаупты маман Оңғарбаев Байкенже алғысын айта отырып, курс дәрістерінің өзектілігін атап өтті. 

2020 жылдан бері 400-ге жуық дін қызмекткері біліктілігін арттырған курста жыл сайын сауалнама жүргізіліп, сараптама жасалып отырады. Барлық мамандар пікірлерімен қоса ұсыныстарын, алғыстарын ашық білдіреді. Соған сай, курстың тиімділігі ескеріліп, болашақта жалғасын таппақ.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру