Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ХІІІ Республикалық Құран байқауына жолдама алған қарилар анықталды

Алматы облысы өкілдігінің баспасөз қызметі hilal.kz 01.07.2024 857 0 пікір
ХІІІ Республикалық Құран байқауына жолдама алған қарилар анықталды

ҚМДБ-ның Алматы облысындағы өкілдігінің ұйымдастыруымен ХІІІ Республикалық Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан байқауға іріктеу сайысы өз мәресіне жетті.

Алланың Кәләмі ардақталған шараның шымылдығын 10 қырағат иесі, Зәйнүл-Абидин қари Абдужаппарұлы Құран аяттарымен ашқаннан кейін, Алматы облысының бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлы батасын жасады.

Алғы сөзді алған Мадияр қажы Тағайбайұлы шараның маңыздылығына тоқталып, төрешілерге әділдік, ал қатысушы үміткерлерге сәттілік тіледі.

Алқалы байқауға ҚМДБ-ның Құран секторының меңгерушісі Серік қари Полатханұлы, Алматы қаласы Орталық мешітінің наиб имамы Қуаныш қари Тоқсанбайұлы және Абдуғаппар Сманов мешітінің бас имамы, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің оқытушысы Абдухалық қари Абдумажитұлы сынды білікті дін қызметкерлерінен құрылған қазылар төрелік жасауда.

Серік қари Полатханұлы қатысушыларға байқау ережелерін түсіндіргеннен кейін, шара басталды.

Баға беру барысында үміткердің барлық қырына: оқу мәнерінен бастап, дыбыстарды шығаруы мен тәжуид ережелерін сақтауына аса мән берілді. Бекітілген ереже бойынша үміткерлер жылдағыдай «30 пара», «20 пара», «10 пара» және «Мәнерлеп оқу» аталымдары бойынша сынға түсіп, іріктеу сайысында жүлделі орын алған қатысушылар қаржылай сый-сияпатқа ие болды.

Шара соңында Алматы облысының бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлы ауқымды шараның өтуіне сүбелі үлес қосып, қаржылай қолдау білдірген академик Арай Мағауияқызына ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының алғыс хатын табыс етті.

Сондай-ақ іріктеу байқауының жүзеге асуына септігін тигізген бірқатар азаматтарға алғыс хат табыстап, жүлделі орын иегерлерін марапаттау рәсіміне қатысты.

Жарыс нәтижесі төменде көрсетілген

Құран Кәрімнің 30 парасын жатқа оқу бойынша:

І орын – Абдулазиз Абдулбақи (Ұмра қажылығы);

ІІ орын – Айтмұқан Диас (250.000 тг);

ІІІ орын – Еркінов Омар (200.000 тг).

Құран Кәрімнің 20 парасын жатқа оқу бойынша:

І орын – Жалилов Ясин (200.000 тг);

ІІ орын – Әбілқайыр Жұбан (150.000 тг);

ІІІ орын – Эминтаев Асадулло (100.000 тг).

Құран Кәрімнің 10 парасын жатқа оқу бойынша:

І орын – Шакиров Мухаммадали (150.000 тг);

ІІ орын – Сализаддинов Суннатуллаһ (100.000 тг);

ІІІ орын – Таңат Мейрамбек (75.000 тг).

Құран Кәрімді мәнерлеп оқу бойынша:

І орын – Әмір Асылжан (150.000 тг) ;

ІІ орын – Байтүгел Айсұлтан (100.000 тг);

ІІІ орын – Жарқынбекұлы Бақберген (75.000 тг).

Әр аталым бойынша І орын иегерлері ХІІІ Республикалық Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан додаға жолдама алды.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру