Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Дәстүр дәріптеліп, ұлттық құндылықтар ұлықталды

Алматы облысы өкілдігінің баспасөз қызметі hilal.kz 25.04.2024 417 0 пікір
Дәстүр дәріптеліп, ұлттық құндылықтар ұлықталды

«Ислам және дәстүр құндылығы» жылы аясында Алматы облысы Іле ауданына қарасты Түймебай ауылдық «Исмайл ибн Ибраһим» мешітінде «Дін мен дәстүр егіз ұғым» тақырыбында ауқымды шара ұйымдастырылды.

Тарихтан сыр тартқан, халқымыздың көне салт-дәстүрлерін, ғибратты тұрмыс-тіршілігін айшықтаған шараға Алматы облысының бас имамы Мадияр Тағайбайұлы, өңір бойынша «Дін мен дәстүр» бағытына жауапты маман Ринат Маратұлы, Іле ауданының бас имамы Дархан Аманұлы, Ащыбұлақ ауылдық округінің әкімі Жасұлан Шерәліұлы, дін қызметкерлері, қазыналы ақсақалдар мен ақ жаулықты асыл әжелер, жергілікті тұрғындар қатысты.

Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған шараның шымылдығы қасиетті Құран аяттарымен ашылғаннан кейін, көпшілікке ұлттық тағам түрлері ұсынылды. Дәстүрлі ортада қол-аяғы түзу, қалыпты жетілу үшін баланы шыттан тігілген матамен жөргектеп бесікке бөлейді. Шара аясында бесікке бөлеу – нәрестені бесікке салу рәсімі көрсетілді.

«Дін мен дәстүр» кітабынан сұрақтар қойылып, жиналған қауымның білімі тексерілді. Қазақы киіз үйдің жабдықтары, кілемдер, ұлттық киімдер таныстырылды. Тұсаукесер – сәби бесіктен шығып, еңбектеуден өткен соң, қаз тұрып, тәй-тәй басқанда жасалатын дәстүр. Бас имам Мадияр қажы Тағайбайұлы аталмыш рәсім аясында, кішкентай бүлдіршіннің тұсауын кесіп, ақ батасын арнады.

Осыдан кейін күбі пісіру, келі-келсаппен тары түю, диірмен тарту көріністері көрсетілді. Жайсаң аналарымыз жүн сабау, жүн түту әдістерін халық назарына ұсынғаннан кейін, көрермендер асық ату, арқан тартыс, күрес сияқты ұлттық спорт ойындарын тамашалады. 

Сүндетке отырғызылатын баланың құрметіне арналып той-думан ұйымдастырылып, балаға ең әсем киімдер кигізіп, атпен серуендету дәстүрі де жаңғыртылып, қонақтар ақ дастарқан басына жайғасып, рухани шараны аяқтады.

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру