Айлардың сұлтаны қасиетті Рамазан айының келуіне орай ҚМДБ Әйел-қыздар секторының Жамбыл облыстық өкілдігі «Қош келдің, Рамазан» атты рухани кеш ұйымдастырды.

Сағындырып жеткен  ардақты да сауапты айдың құрметіне жасалған шараға 100-ден аса қыз-келіншектер, әжелер қауымы келіп қатысты.

Рухани жиынды облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы Нұралы Бақытұлы мен «Кеңесхан қажы» мешітінің имамы Асқар Зәкіржанұлы ашып берді. Имамдар ұлық айдың қасиетіне тоқталып, жамағатты мерекемен құттықтады.

«Кеңесхан қажы» мешітінің ұстазы Зейнеп Жәдігерқызы мен шәкірттері мерекелік жиынның бағдарламасын жүргізіп, көпшілікке рухани азық болар уағыздар, қойылымдар мен діни әндерді жолдады. Ұстаз «Рамазан айы» жайлы насихат айтып, шәкірттер қасиетті айдағы амалдарды жасаудағы адамның ниеті туралы көрініс қойып, көпшілікті жылатты.

Әйел-қыздар секторының жауапты өкілі Жазира Иманалиева «Ниет пен ықылас» тақырыбында уағыз айтса, «Һибатулла Тарази» мешітінің ұстазы Жібек Қолағұлова «Миғраж сапары» жайлы насихатын жеткізді. Рамазанға рухани азықпен кіріп, әр амалды Алла разылығына арнауды үгіттеген жиында Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат әндер айтылып, сұрақ-жауап, мақалды тап сынды қызықты интеллектуалды ойындар ойнатылды. Дұрыс жауабын бергендерге әртүрлі сыйлықтар табысталды.

Жиналған нәзік жандыларға тосыннан түскен бағалы сыйлықтар (Құран, күміс әшекейлер, үйге қажетті дүниелер, балаларға ойыншық) таратылып мерекелік көйіл күй сыйланды. Қазақтын игі дәстүрі тойбастар рәсімі жасалып, зәмзәм суы мен құрма тарту етілді.