Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Маңғыстау: Рамазан қарсаңында БАҚ өкілдерімен арнайы брифинг өтті

Маңғыстау облыстық «Бекет ата» мешітінің баспасөз қызметі beket-ata.kz 10.03.2024 397 0 пікір
Маңғыстау: Рамазан қарсаңында БАҚ өкілдерімен арнайы брифинг өтті

Маңғыстау облысы әкімдігінің «Қоғамдық коммуникация орталығында» Рамазан айына қатысты БАҚ өкілдеріне брифинг ұйымдастырылды.

Баспасөз өкілдерінің сұрақтары мен жамағаттан келіп түскен сауалдарға Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Ізімбайұлы мен орталық «Бекет ата» мешітінің ұстазы Марат Жарылқапұлы жауап берді.

Облыстың бас имамы Маңғыстаулықтар мен отандастарды берекелі де кешірімі мол тәрбие айы, он екі айдың сұлтаны мүбәрак Рамазан айының басталуымен құттықтады. Сонымен қатар ұлық айда мешіттерде атқарылатын іс-шаралар жайлы атап өтті.

«Рамазан айы – Аллаға құлшылық етуге, ізгі амалдар істеуге, бойдағы иманды күшейтуге мүмкіндік беретін аса берекелі ай.Биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Рамазан айының наурыз айының 11-і күнінен басталатынын хабарлады. Ал сәуір айының 5-нен 6-на қараған түн – қасиетті Қадір түні. 10 сәуір – Ораза айт мерекесі.

Осы орайда,биыл да Маңғыстау өкілдігі бойынша «Зекет және қайырымдылық» қоры қасиетті Рамазан айында бірнеше қайырымдылық жобаларды жүзеге асырады. Атап айтқанда, «30 күнде 30 игі іс» жобасы жалғасын таппақ.

Биыл Рамазан айында ауызашарлар ұйымдастыру, Ораза айт мерекесіне орай мешіт ауласына киіз үйлер тігіліп, ұлттық ойындар ұйымдастыру, Ораза айт күндері қарттар мен балалар үйінің тәрбиеленушілеріне мерекелік көңіл сыйлау,  қайырымдылық шараларын өткізу секілді рухани іс-шаралар атқарылады. Ал, өңір аумағындағы өзге мешіттерде күн сайын ауызашар беріледі. Сондай-ақ, Құран әліппесі мен намаз үйрену курстары тегін ұйымдастырылатын болады. Қасиетті айдың құрметіне рухани кештер ұйымдастырылып, қарилар хатым құран түсіріп, ауызашар дастархандары жайылатын болады.Қадір түнінде арнайы бағдарламалар жасалып, айт мерекесі ұлттық нақышта өтеді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мәжілісінде пітір садақасы еліміз бойынша екі келі ұнның орташа бағасы негізінде 640 теңге болып бекітілді. Ал підия мөлшері – бір адамның күнделікті (таңғы және кешкі) тойып ішетін асы. Оның биылғы мөлшері 3400 (үш мың төрт жүз) теңге болып бекітілді. Бұған шамасы келмегендер оразаның әр күніне пітір садақасының құнын береді. Дәулетті адамдар садақаны құрма, мейіз бағасымен де беруіне болады. Підия (фидия) төлеуге шамасы келмейтін мұсылмандар пітір құнымен де підия бере алады. Осы ретте кәсіпкер азаматтарды, сауда орталықтарының басшыларын қасиетті айдың құрметі үшін халқымыздың тұрмыс жағдайын ескеріп, әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен азық-түлік бағасын мүмкіндігінше 10 пайызға дейін төмендетіп, жеңілдік жасауға шақырамын!» - деді облыс бас имамы.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру