Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Алматы облысы: Рамазан айы қарсаңында арнайы брифинг өтті

Алматы облысы өкілдігінің баспасөз қызметі hilal.kz 07.03.2024 348 0 пікір
Алматы облысы: Рамазан айы қарсаңында арнайы брифинг өтті

Биыл наурыз айының 11-і күні қасиетті Рамазан айы басталады. Осыған орай Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг өткізілді.

Баспасөз өкілдерінің сұрақтары мен жамағаттан келіп түскен сауалдарға Алматы облысының бас имамы Мадияр Тағайбайұлы және Алматы облыстық «Қапшағай» мешітінің наиб имамы Талғат Абайұлы жауап берді.

«Ораза тұтқан жандарға облыстық «Қапшағай» мешіті жанынан күн сайын 120 адамға ауызашар дастарқаны жайылады. Ал, өңір аумағындағы өзге мешіттерде күн сайын 10 мыңға жуық адамға ауызашар беріледі. Сондай-ақ, Құран әліппесі мен намаз үйрену курстары тегін ұйымдастырылатын болады. Сауаптар еселеніп жазылатын бұл айда жасалған қайырлы істің қайтарымы адам баласы үшін құпия-сыр. Тіпті, ауыз бекітушіге берілетін сый мен сауап, құрмет пен марапат пайғамбарлар мен періштелерге де белгісіз. Биыл өңіріміздегі бірқатар мешіттерде тарауық намазы, хатым Құран оқылатын болады» деді Мадияр Тағайбайұлы.

Дін қызметкерлерінің айтуынша, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы сәуір айының 5-нен 6-на қараған түнін асиетті Қадір түні деп белгілеген. Ал, 10 сәуір – Ораза айт мерекесі. Сондай-ақ, пітір садақаның мөлшері еліміз бойынша 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелетінін хабарлады.

«Биыл пітір садақаның мөлшері – 640 теңге. Дәулетті адамдар садақаны құрма, мейіз бағасымен де беруіне болады. Підия (фидия) төлеуге шамасы келмейтін мұсылмандар пітір құнымен де підия бере алады. Осы ретте кәсіпкер азаматтарды, сауда орталықтарының басшыларын қасиетті айдың құрметі үшін халқымыздың тұрмыс жағдайын ескеріп, әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен азық-түлік бағасын мүмкіндігінше төмендетіп, жеңілдік жасауға шақырамын», – деді облыс бас имамы.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру