Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

АЛМАТЫДА РАМАЗАН АЙЫНА БАЙЛАНЫСТЫ БРИФИНГ ӨТТІ

Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі azan.kz 07.03.2024 807 0 пікір
АЛМАТЫДА РАМАЗАН АЙЫНА БАЙЛАНЫСТЫ БРИФИНГ ӨТТІ

Бүгін ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Кенжеәлі Қоңыратбайұлы мен Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан Орталық коммуникациялар қызметінде Рамазан айына орай тікелей эфирде өткен баспасөз брифингіне қатысып, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

Баспасөз мәслихатында наиб мүфти Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы Алматы қаласының тұрғындарын қасиетті Рамазанның басталауымен құттықтап, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының ыстық сәлемін жеткізді. «Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы 5-наурызда Астанада БАҚ өкілдерінің қатысуымен баспасөз мәслихатын өткізді. Аталмыш жиында биыл Рамазан айы 11 наурызда басталып, 9 сәуірде аяқталатындығын жариялады. Сәуірдің 5-нен 6-на қараған түн – Қадір түні. 10 сәуір – ораза айт мерекесі. Биыл пітір садақа мөлшері – 640 теңге болып бекітілді» деді наиб мүфти Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы.

Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлы мейірім мен рақым айында қала мешіттерінде атқарылатын шаралар жайлы атап өтті. «Алматы мешіттерінде қасиетті Рамазан айын атап өту үшін арнайы бекітілгенін жоспар негізіндегі іс-шараларға тоқталды. Биыл қаладағы 54 мешіттің 50-інде тарауих намазында құран хатым түсіріледі. Қалған 4 мешітте, атап айтсақ:

1. Медеу ауданы «Исмихан» мешіті

2. Наурызбай ауданы «Күлиза ана» мешіті

3. Түрксіб ауданы «Макка» мешіті

4. Жетісу ауданы «Нәби» мешітінде тарауих намазы құран хатымсыз оқылады.

Алматы Орталық мешітінде «Рамазан шатыры» құрылып, күнделікті 500 кісіге ауызашар дастарханы жайылмақ. Сондай-ақ, қала мешіттерінде де ауызашар өткізіледі.

Дәстүр дәріптелетін ай

Биылғы жылды муфтият «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы деп жариялауына орай, Рамазан айындағы іс-шаралар салт-дәстүрімізбен сабақтастырып өткізілетін болады. Мысалы, ораза айы әз Наурыз мерекесіне сәйкес келгендіктен ауызашар кезінде мешіт қонақтарына наурыз көже, бауырсақ тарту етілмек. Ауызашар өтетін орындарды қазақи нақышта безендіріп, рамазанның келгенін сүйіншілеу мақсатында Жарапазан жыры айтылады.

Қала тұрғындары мен қонақтары ораза кестесін мешіттерден алуына болады. Сонымен қатар ораза кестесі мен рамазанға қатысты ақпараттарды «muftyat.kz» және «azan.kz» сайттарынан таба алады. 

Call орталық

Оразаға, жалпы діни мәселеге қатысты қандай да сұрақтар болса Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан ашылған Діни ақпарат беру орталығынан жауап алуға болатындығын хабарлаймыз. Орталық нөмірі – 8 (707) 233-30-30. WhatsApp: +7 (707) 662 6561.  Сондай-ақ, Алматы орталық мешітіне қарасты орталық нөмері – +7 707 939 7708.

Рамазан дәрістері

Бұл айда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) екі нәрсеге қатты көңіл бөлген. Біріншісі – құран оқу болса, екіншісі – қайырымдылық жасау. Сол себепті, Алматы Орталық мешітінде аптасына бес күн бесін намазынан кейін оразаға қатысты тақырыптарда насихат айтылып, қала мешіттерінде құран әліппесі мен намаз үйрету курстары жүргізіледі.

Сонымен қатар мешіттерде күнделікті тарауих намазының алдында елді ынтымақ пен бірлікке шақыратын танымдық уағыздар мен оразаның хикметтері жөнінде дәрістер жүргізілетін болады. Одан бөлек «30 күнге 30 уағыз» және «Рамазан және Ихсан» тақырыптарында видео уағыздар оқырмандарға ұсынылмақ. «Бақытты жанұя – дәстүр жалғаушысы» тақырыбында неке қиған жас-жұбайларға семинар өткізу де жоспарға енгізіліп отыр. Насихат жұмыстарына РАНТ пен ЖАНТ мүшелері тартылатын болады.

Қайырымдылық шаралары

Рамазан – қайырымдылық айы. Жақсылықтар еселенетін ай. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір өсиетінде: «Садақаның абзалы – Рамазан айында берілген садақа», - деп сүйіншілейді. Алматы мешіттерінде ораза айында «Шарапатты Рамазан», «Рамазан қоржыны», «Рамазан сыйы», «Жомарт жұма» сынды ауқымды қайырымдылық іс-шараларды ұйымдастыру жоспарлануда. Сонымен қатар «Ел үлесі пәтерге» жобасын жүзеге асыру да қолға алынбақ», - делінген баспасөз баянында.

«Рақым айы – Рамазан құтты болсын! Қасиетті айда ұстаған оразамыз, жасаған дұға-тілектеріміз, құлшылық-ғибадаттарымыз, әрбір қайырлы амалдарымыз қабыл болғай! Алла Тағала отбасымызға амандық, жұмысымызға береке-бірлік нәсіп еткей! Тәуелсіздігіміз баянды, еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Әумин!», - деп қорытындылады Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан. 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 



Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру