Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Қарағандыда «Аталар мектебінің» кезекті семинары өтті

Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінің баспасөз қызметі ihsan.kz 26.02.2024 519 0 пікір
Қарағандыда «Аталар мектебінің» кезекті семинары өтті

«Ислам және дәстүр құндылығы» жылы аясында ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен бұқара халыққа және жастарға ақыл-кеңес айтатын «Аталар мектебінің» кезекті семинары өтті.

Ұрпақ тәрбиесінің қайнар көзі болған қазыналы қариялар бас қосқан жиынға өңірге қарасты алпысқа жауық ақсақалдар алқасының мүшелері қатысты. Семинарда арнайы алғы сөзді алған Қарағанды облысының бас имамы Естай Айтуғанұлы ақсақалдардың қоғамдағы мәртебесі жөнінде сөз қозғап, аталар институтының орны айрықша екендігін тілге тиек етті.

Берекелі шараға белгілі журналист, этнограф Төрехан Әкімжанұлы арнайы қатысып, қазақтың ұлттық құндылықтарын жаңғыртуға бағытталған рухани шараны ұйымдастырушыларға өзінің алғысын білдірді. Сондай-ақ, рухани шарада Қарағанды мемлекеттік университетінің профессоры Мұхамедғали Ілиясұлы құрметті қонақ болып, дін мен дәстүр бағыты аясында бас қосқан ақсақалдарға өзінің жылы лебізін білдірді.

«Өнегелі ұрпақ тәрбиесі мен қоғам жастарына насихат айтып, қазыналы қария сөзімен елді ауызбіршілік пен тұтастыққа тәрбиелейтін аталар мектебі ізгі қоғамның игі бастамасы болары сөзсіз», - деп, Қарағандылық ақсақалдар алқасы бір ауыздан қолдау танытты.

Кеш барысында ақсақалдардың құрметіне берекелі дастархан жайылып, құрметті қонақтарға өкілдік атынан сый-сияпаттар үлестірілді. Алдағы уақытта «Аталар мектебі» аясында рухани-тәрбиелік іс-шаралар жалғасын таппақ.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру