Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Сектор меңгерушісі – Алматы облысында

muftyat.kz 15.02.2024 1655 0 пікір
Сектор меңгерушісі – Алматы облысында

ҚМДБ Әйел-қыздар секторының меңгерушісі Динара Нұрғалиева Алматы облысына сапары барысында бірнеше іс-шараға қатысты.

Атап айтқанда, Талғар ауданы әйел ұстаздарының ұйымдастыруымен «Әсем киім – әйел ажары» атты семинар өтті. Семинар Құран хатым дұғасымен басталып, Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) барша жамағатпен салауат айтылды. Динара Құтқожа және өзге де әйел ұстаздар мұсылман әйелге парыз болған жабыну жайлы уағыз-насихат айтты және жамағат пен әйел ұстаздардың ұйымдастыруымен сән киім үлгілері көрсетілді. 

Семинар соңында Талғар әйел-қыздар жамағатының «Умра» қоры қасиетті мекенге ұмра сапарына жолдама ойнатып, жеребе арқылы анықталған Балауса ханымға сертификат ұсынды. Керемет кеш, берекелі дастарқан, құрметті қонақтар, әсерлі әңгіме, қызықты, пайдалы сұрақтар, көз тоятын әсем киімдер, бірдей киінген ұстаздар, разы болған жамағаттың ықыласы мен ниеттері тойхананың ішін де нұрландырып  жіберді. Киім дизайнері, тігінші Таңшолпан Оразымбетқызы екенін айта кеткен жөн.

Бұдан кейін Алматы облысы әйел ұстаздарының арасында волейбол турниры өтті. Іле ауданы «Сәбденұлы Өтеген батыр» мешіті ұстаздарының  ұйымдастыруымен өткен спорттық іс-шара Қазақстан Республикасының Әнұранымен басталды. Алғы сөзді алған ҚМДБ Әйел-қыздар секторының меңгерушісі Динара Құтқожақызы мұндай жарыстар ауызбіршілікті арттырып, өзара берік қарым-қатынасқа серпін береді дей келе, жарысқа қатысушы ұстаздарға сәттілік тіледі.

Алматы облысы әйел- қыздар сектор жетекшісі Назерке Әкішқызы жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп,  Жарыс нәтижесінде І орынды Іле ауданының «Фирдаус» командасы  иеленсе, ІІ орын Қарасай ауданына қарасты «Алға» командасы, ал ІІІ орын Жамбыл ауданының «Фатһ» командасына бұйырды. Жарысқа қатысқан командаларға алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Сондай-ақ Алматы облысына келген әйел-ұстаздар өңір бас имамы Мадияр Тағайбайұлының жетекшілігімен Жамбыл ауданы мешіті қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Сүйінбай Аронұлының, Жамбыл Жабаев атамыздың  музейлеріне экскурсия жасады. Ұстаздар құнды ақпараттар алып, тарихи тұлғалардың  ұстаған бұйымдарын, тұрған үйлерін, мінген  көліктерін көзбен көріп қайтты. 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру