Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Өскеменде «Кеңгір Тұра» студенттер үйі ашылды

Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітінің баспасөз қызметі furqan.kz 12.02.2024 616 0 пікір
Өскеменде «Кеңгір Тұра» студенттер үйі ашылды

ҚМДБ бастамасымен жарияланған «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы аясында Өскемен қаласында «Кеңгір Тұра» қайырымдылық мекемесі ашылды.

«Кеңгір Тұраның» салтанатты ашылуына Бас мүфтидің кеңесшісі Кенжетай Байкемелұлы және ҚМДБ өкілдері, РАНТ мүшелері, имамдар, қоғам қайраткерлері, ақсақалдар мен жамағат қатысты. Шараның бастауында қасиетті Құран оқылып, қариялар бата жасады.

Студенттер үйінің ашылуында сөз алған Кенжетай Байкемелұлы: «ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының 2024 жылға арналған «Бағдарламалық баяндамасында» студент жастарға қамқорлық жасау, мешіттердің жанынан жатақханалар ашуға ерекше маңыз берді. Осы бағыт бойынша Өскеменде студенттер үйінің ашылуына куә болып отырмыз. Мешіттер жанынан қайырымдылық мекемесін салып, білім игерушілерге жағдай жасау – бұл ардақты пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қалған мирас. Кешегі Құнанбай атамызда қазақ даласына уақыптың озық үлгісін көрсеткен. Мұндағы негізгі мақсат – оқу, білім игерем деген өрендерге мүмкіндік жасау. Діни басқарма «Уақып» қоры арқылы жатақханаға мұқтаж жастарға қайырымдылық жасау мақсатында осындай игі істі жер жерде жүзеге асырып жатыр» деп айрықша атап өтті.

Аталған мекеме 60 балаға лайықталған. Оларға сапалы білім алуына барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Қайырымдылық мекемесін «Уақып» қорының ШҚО өкілдігі  іске қосты. Мұнда жатып оқитын жастарға барлық жағдай жасалған. Студенттерге тегін қызмет көрсетіледі.

Салтанатты рәсімде ШҚО бас имамы Ермек Қасболатұлы «Кеңгір Тұра» қайырымдылық мекемесінің ашылуын жамағаттар көптен күткен айтулы оқиға болғандығын айтып, өкілдік қазіргі таңда шығыстың әр ауданынан осындай қайырымдылық мекемесін ашып, сауапты істермен айналысып жатқандығын жеткізді.

Жиында жергілікті ақсақалдар алқасынң төрағасы Сайлаухан Аухадиев, профессор, «Мәдениет қайраткері» Нәбиолла Кемешевтер сөз сөйлеп, жас буынды имани білімге тәрбиелейтін осындай мекеменің ашылуы зор оқиға деп бағалап, осы мекеменің ашылуына қуанышты екендігін жеткізіп, өкілдікке алғыс білдірді.

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру