Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ШҚО: Дін қызметкерлерінің басқосуы өтті

Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітінің баспасөз қызметі furqan.kz 26.01.2024 819 0 пікір
ШҚО: Дін қызметкерлерінің басқосуы өтті

ҚМДБ ШҚО өкілдігіне қарасты аудандық, қалалық мешіттердің бас имамдары мен дін қызметкерлеріне арналған жылдың алғашқы жиналысы облыстық «Халифа Алтай» мешітінде өтті.

Алқалы жиында ҚМДБ бағалауы бойынша өткен 2023 жылғы өкілдіктің жұмыс нәтижесі таныстырылды. Сонымен қатар ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен 2024 жыл «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы деп жариялауына байланысты атқарылатын шаралармен алдағы міндеттер талқыланды.

Бас имам Ермек Қасболатұлы бағалау нәтижесін жеке талдап түсіндіре отырып, нақты істерге тоқталды. Бас имам: «Биылғы жылды Діни басқармадан «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы жариялауына байланысты ұлттық салт-дәстүрді насихаттауға қатысты тың бастамалармен жұмыс жасау бүгінгі таңдағы басты міндетіміз. Осыған байланысты өңірде бірқатар рухани-мәдени шаралар жоспарлап отырмыз. Бұл бағытта ҚМДБ-дан берілген жоспар, тапсырмаларды бұлжытпай мерзімінде орындап, нақты нәтижелер көрсетуіміз керек. Әрбір іс шара елдігімізді айқындайтын, дініміздің салауатын көрсететін, ұлттық ұйысуға жетелейтін мәнге ие болуға тиіс» дей келе, 2024 жылғы «Айтулы шаралар» жоспары, бөлімдерге есеп беру үлгілері қатарлы бірқатар тапсырмалар дін қызметкерлеріне таныстырылды.

Облысқа қарасты аудан имамдарына бес бағыттың жұмысын қарқынды атқару, өңірдегі барлық мешіттердің жедел байланыс орнату, діни басқарманың тапсырмаларын уақытылы орындау, бес бағыт бойынша есеп беру, дін мен дәстүрдің байланысын насихаттау, жамағатпен жұмысты жаңаша бағытта үйлестіру қатарлы шараларға тоқталды.

Бас имам сонымен қатар қоғамға дін мен дәстүр бірлігін таныту мақсатында әр аудан, ауыл имамдары дәстүрге қатысты шараларды өрістетуді тапсырды. Бас имам Ермек Қасболатұлы кейбір салалар бойынша атап айтқанда, «Qamqor-Shаrapat» бойынша жерлеу рәсімдерін бірізділікке түсіру, қызметтік баспана салу, имамдарға семинарлар өткізу, зекет пен «Уақыпты» дамыту бағытында нақты тапсырмалар берді. 

Жиналыста еліміздің бейбітшілігі мен тыныштығы үшін, халықтың амандығы үшін дұға жасалды. Жиын соңында бірқатар дін қызметкерлері ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының «Алғыс хатымен» марапатталды.

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру