Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«QAМQOR-SHARAPAT» ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҚЫЗМЕТІН ЦИФРЛАНДЫРУ ЖҰМЫСЫ БАСТАЛДЫ

Түркістан облыстық өкілдігінің баспасөз қызметі 11.01.2024 1052 0 пікір
«QAМQOR-SHARAPAT» ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҚЫЗМЕТІН ЦИФРЛАНДЫРУ ЖҰМЫСЫ БАСТАЛДЫ

ҚМДБ Түркістан өкілдігіне қарасты «Қожа Ахмет Ясауи» орталық мешітінде «QAМQOR-SHARAPAT» орталығы қызметін цифрландыруға арналған екі күндік оқу-семинары өтті.

Жиынға ҚМДБ «QAMQOR-SHARAPAT» орталығының директоры Мейрамбек Қабылбекұлы, «Уақып» қоры басқарма төрағасының орынбасары Мәулет Дүйсенбайұлы, Түркістан облысының бас имамы Ержан Сматұлы, «SHARAPAT DIGITAL» ЖШС директоры Еркін Тойжанов, «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық музейінің бөлім басшысы Берік Байболов, өңірдің ішкі саясат, дін істері басқармасы, облыстағы зираттарға жауапты мекеме мамандары және қала, аудан мешіттерінің қызметкерлері қатысты.

Семинар барысында Мейрамбек Қабылбекұлы орталықтың бірқатар қызметін цифрландыру заман талабы екенін және еліміздегі мұсылман зираттарын көтеруде ысырап пен бәсекелестікке бой алдырмай жалпыға ортақ бірізділік мәдениетін қалыптастыруға бірге атсалысуға шақырды. Және бұл бастаманың киелі Түркістан өңірінен бастау алып отырғанының өзіндік мән-маңызы бар екенін атап өтті. Ал Мәулет Дүйсенбекұлы өз сөзінде орталық қызметін цифрландыруға ҚМДБ «Уақып» қорының тікелей мұрындық болып отырғанын жеткізді.

Сондай-ақ «SHARAPAT DIGITAL»  ЖШС директоры Еркін Тойжанов өңірдегі бейіттерді цифрлық негізге түсіру үшін ерікті топтардың көмегі қажет екенін айтып, бейіттердегі құлпытастардағы жазулар мұқият фотоға түсіріліп, жинақталған мағлұматтар цифрлық үлгіге салынатынын айтты.

Өз кезегінде Түркістан облысының бас имамы Ержан Сматұлы аудан, қала имамдарына ерікті топтарды ұйымдастыру жайында тапсырылғанын айта келе, бейіттерді цифрландыруды әуелі кесенелерден бастасақ деген ұсынысын жеткізді. Одан бөлек қасиетті өлкеден басталған бұл бастамаға көмектесуге әзір екенін де назардан тыс қалдырмады. Ал «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық музейінің бөлім басшысы Берік Байболов Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленген хандар, батырлар, билер жайында мағлұматтар беріп, өз ұсыныстарын білдірді.

Түркістан өңірінен басталып отырған цифрландыру жобасы жыл соңына дейін еліміздің барлық аймақтарын қамтиды деп жоспарланып отыр.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру