Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Қостанай: Тәуелсіздік күні жаңа мешіт ашылды

Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі akmechet.kz 19.12.2023 1080 0 пікір
Қостанай: Тәуелсіздік күні жаңа мешіт ашылды

Қостанай ауданына қарасты Алтынсарин ауылының тұрғындары еліміздегі ұлы мереке – Тәуелсіздік күні үлкен қуанышқа бөленді. Елдімекенде жаңа мешіт бой көтеріп, пайдалануға берілді.

Айтулы шараға Қостанай облысының бас имамы Бахытбек Тәжімбет, өңірдің беделді азаматтары, ауыл тұрғындары, дін қайраткерлері қатысты. Алдымен Құран аяттары оқылып, еліміздің егемендігі үшін ғасырлар бойы күресіп, тәуелсіздік жолында құрбан болған ата-бабаларымыздың рухына сауабы бағышталды. 

Жиналған халықтың алдында Бахытбек Нұрғабылұлы сөз сөйлеп, барша қауымды ғибадат орнының айтулы мерекеде есігін айқара ашуымен шын жүректен құттықтады. Аталған ауылда мұндай жұртшылықты имандылыққа ұйытатын парасат ордасы ауадай қажет-ті. Соны жете түсінген ардақты ақсақал Ертарғын Жұбанышев пен руханият саласының білікті маманы Медет Байзақов жақсы іске ұйытқы болды. Оларды ұсынысын ауданның бас имамы Дарқан Манарбекұлы дер кезінде қуаттады. Сөйтіп, облыс имамы Бахытбек Нұрғабылұлы ізгі мақсаттағы бастамаларын қолдады.

Бұл мешіттің құрылысы ерте көктемде басталып, небары жарты жылдың ішінде толық аяқталды. «Көп түкірсе, көл болар» демекші, қажетті қаражат мәселесіне жанашыр кәсіпкерлер мен жергілікті халық тікелей атсалысты. 

«Пайдалануға берілген мешіт ғимараты шамамен 200 адамға лайықталған. Оның бір жағы намазхана болса, екінші жағында асхана орналасқан. Сыртқы келбеті мен ішкі көрінісі кімнің болсын назарын еріксіз аудартады. Ал, жиһазбен қамтамасыз етуге облыстың бас имамы көмек қолын созды. Қазір мешіттің бөлмелері қыс мерзіміне толық дайын, әрі жылы. Көгілдір газ тартылған» дейді «Маңдай батыр» мешітінің имамы Дарқан Сыздықов.

Халықтың игілігіне берілген мешіттің молдасы қызметін жерлестері арасында сый-құрметке бөленген Ертарғын Бимағамбетұлы атқарады. 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру