Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

РАНТ мүшесі – Алматы облысында

Алматы облысы өкілдігінің баспасөз қызметі hilal.kz 30.11.2023 978 0 пікір
РАНТ мүшесі – Алматы облысында

Өткен аптада РАНТ мүшесі, Ақтөбе қалалық орталық мешітінің бас имамы Нұрлыбек Шакизадаұлы Алматы облысына арнайы іссапармен келіп, Қарасай және Жамбыл аудандарында болды.

Іссапардың алғашқы күні РАНТ мүшесі С.Жандосов атындағы Қаскелең кәсіптік-техникалық колледжінің студенттеріне «Зиянды істерден аулақ болу» тақырыбында, «Үшқоңыр» медресе-колледжінің шәкірттеріне «Білім алудың пайдасы» тақырыбында насихат айтып, ойларымен бөлісті.

Нұрлыбек Шакизадаұлы Шамалған қаласында орналасқан «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында «Жат ағым жарға жығады» тақырыбы аясында кездесу өткізіп, деструктивті ағымдардың зиянына кеңінен тоқталды. Қарасай аудандық «Түркістан» мешітінің жамағатымен кездесу барысында Нұрлыбек Шакизадаұлы «Бидғат» тақырыбында уағыз-насихат айтты. 

Жұмыс сапарының екінші күні РАНТ мүшесі Бауыржан Момышұлы атындағы әскери бөлім сарбаздарымен кездесіп, «Суицид» және «Елді қорғау – барша мұсылманның міндеті» тақырыптары аясында насихат айтты. Осыдан кейін Нұрлыбек Шакизадаұлы әдеби-мемориалдық мұражайына барып, жәдігерлермен танысып, Жамбыл атамыздың және аса көрнекті қазақ сазгері, күйші Нұрғиса Тілендиев ағамыздың рухына Құран бағыштап, дұға жасады.

Жамбыл аудандық ауруханасында өткен кездесу барысында РАНТ мүшесі ақ халат киген абзал жандармен «Дін – ғылымның атасы» тақырыбында сұхбат жүргізіп, олардың қойған сұрақтарына тұщымды жауаптар берді. Жамбыл аудандық «Шынасыл» мешітінде «Тәртіпке бағынған құл болмайды» тақырыбында жұма уағызын айтқан РАНТ мүшесі:

«Алла Тағала парыз еткен намаз, ораза, зекет, қажылық сияқты ғибадаттардың барлығы белгілі тәртіп пен жүйеден тұрады. Олардың атқарылуы уақыты, өзіндік шарттары, парыз, уәжіп, сүннеттері бар. Бұның барлығы мұсылман үшін тәртіптің қаншалықты үлкен маңызға ие екенін көрсетеді. Мұсылман адамның жеке өмірінде, отбасында, қоғаммен байланысында да белгілі бір тәртіп болуы қажет. Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы: «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды», – деген сөзінде үлкен мән мағына бар» деді.

Жалпы алғанда, РАНТ мүшесі өткізген ақпараттық-түсіндіру жұмыстарында 1100-ден астам адам қамтылды.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру