Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«Ізгі қоғам үлгісі – Әз Мұхаммед ﷺ» Мәуліт кеші өтті

Алматы облысы өкілдігінің баспасөз қызметі hilal.kz 22.11.2023 1446 0 пікір
«Ізгі қоғам үлгісі – Әз Мұхаммед ﷺ» Мәуліт кеші өтті

ҚМДБ Алматы облыстық өкілдігі Қонаев қаласының мәдениет үйінде «Ізгі қоғам үлгісі – Әз Мұхаммед ﷺ» рухани Мәуліт кешін ұйымдастырды.

Рухани шара шымылдығы қасиетті Құран аяттарымен ашылғаннан кейін, ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Кенжеәлі Қоңыратбайұлы бата жасап, «Ізгі қоғам үлгісі – Әз Мұхаммед ﷺ» тақырыбында насихат айтты.

Алматы облысы Дін істері жөніндегі басқармасы басшысының м.а. Жандос Ақынбекұлы кеш қонақтарын мүбәрак мерекемен құттықтады. Әнші Абай Бегей орындаған иләһи әннен кейін наиб мүфти Кенжеәлі Қоңыратбайұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, күйші Секен Кәрімұлы, өлең өлкесінде өзіндік өрнегімен танымал болған ақын Ұлықбек Оразбайұлы және облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Ербол Сапарұлы Алматы облыстық орталық «Қапшағай» мешітінің ұстазы Бағылан Болатбекұлы аударған ғасырдан ғасырға жалғасып құндылығын жоғалтпаған іргелі еңбектердің бірі имам әт-Тирмизидің «Әш-Шәмәйл әл-Мухаммадия» кітабының тұсаукесер рәсімін өткізді.

«Жаңа ғасыр» жастар театрының әртістері ардақты пайғамбарымыздың тұлғалық келбетін сипаттайтын хадистерді оқыды.

Сержанәлі Әлібек кезекті иләһи әнді орындағасын, елге танымал ақиық ақындардың бірі Жәкен Қазыбекұлы Алла Елшісіне қазақ тілінде жыр-дастан арнап, жамағат адамзаттың мырзасы Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ерекше ықыласпен салауаттар айтып, сәлемдер жолдады. 

Айбек Қалыбаевтың орындауындағы «Кешір Алла» термесінен кейін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Мәзімбайұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының ғибратқа толы қара сөздерін оқыды. Күй десе көкірегі күмбірлемейтін қазақ жоқ демекші, Секен Кәрімұлы өз кезегінде күй орындап, көзіқарақты көрерменнің ризашылығына бөленді.

Мәуліт кешін ұйымдастыруға қол ұшын созған демеуші азаматтарға, сондай-ақ белсенділік танытқан бірқатар дін қызметкерлеріне ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының атынан алғыс хаттар табыс етілді. Сондай-ақ 6 мұқтаж отбасыға жалпы көлемі 1 миллион теңгені құрайтын қаржылай сертификаттар, ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында 707-баспана кілті көпбалалы ана Батталова Асылзатқа табысталды. Одан бөлек наиб мүфти Кенжеәлі Қоңыратбайұлы Нұр-Мүбарак университетінде білім алып жатқан Бақберген Қуат және Жұмағали Ақторғын есімді студенттерге грант сертификаттарын табыстап, ғылым жолында биік белестерге жетуін тіледі. 

Алматы облысының бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлы «Әш-Шәмәйл әл-Мухаммадия» еңбегінің қазақша аудармасы туралы бірер сөз айтып, Ердос Қанаев бауырымыз иләһи әнмен кешті аяқтады.

Шарапатты Мәуліт мерекесіне келген Алматы облысының тұрғындары мен қонақтары ерекше әсерге бөленіп, ұйымдастырушыларға ризашалығын білдіріп, алғыстарын жаудырды.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру