Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Жамбыл: Байзақ ауданында 690-баспана берілді

«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі asyldin.kz 30.10.2023 1149 0 пікір
Жамбыл: Байзақ ауданында 690-баспана берілді

Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында ынтымақ пен бірлікті ту еткен сарыкемерлік ағайын асарлатып үй салып, көпке үлгі көрсетті. Жамбыл облысы Байзақ ауданы Сарыкемер ауылының тұрғыны Асқарбек Жанатұлына ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында 690-баспана кілті табысталды.

Айтулы шарада аудан әкімінің орынбасары Дулат Жақыпбеков, ауыл тұрғындары атынан еңбек ардагері Қыдыралы Оралов, аудандық «Байзақ баба» мешітінің бас имамы Қанат Жұмағұл жүрекжарды лебіздерін арнады.

Қанат Әділханұлы шарада: «Мұсылман баласының жаны қайырымдылыққа жақын. Әр адам өзінің шама-шарқына қарай жақсылық жасап, қайырымдылық қылады. Дәулетті адам зекетін беріп, қоғамдағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына жәрдем қылса, қарапайым шаруа Құдай жолына ниет қылған садақасын қайырымдылыққа жұмсайды. Мақсат – Алла Тағаланың разылығына бөлену. Дәл осы мақсатта Сарыкемер ауылының жастары, аудандық мешіттің жамағаттары, кәсіпкер азаматтар атсалысып, асарлатқанның нәтижесінде Алла нәсіп етіп, бір отбасы үйлі болып отыр. Ұйымдастырушыларға және үлесі бар барша тұрғындарға Алла разы болсын!» – деп, өз ризашылығын білдірді.

Жаңа баспананың лентасы салтанатты түрде қиылып, ақ жаулықты аналар шашу шашты. Жалпы көлемі 66 шаршы метр болатын төрт бөлмелі жаңа үйді аралаған ауылдастар «құтты болсын» айтысып жатты.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру