Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Павлодар рухани Мәуліт кеші өтті

«Мәшһүр Жүсіп» мешітінің баспасөз қызметі mazhab.kz 23.10.2023 953 0 пікір
Павлодар рухани Мәуліт кеші өтті

ҚМДБ Павлодар облыстық өкілдігінің ұйымдастыруымен Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында адамзаттың ардақтысы, асылы болған Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаның (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мәуліт күніне арналған рухани-тағылымдық кеш өтті.

Рухани кешке қала мен ауыл-аймақ мешіттерінің имамдары мен қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және қала тұрғындары қатысты.

Облыс бас имамы Жолдас Қоспақұлы мұсылман қауымын Мәуліт мерекесімен құттықтап пайғамбарымыз жайында уағыз-насихат айтты, адамзаттың абзалы болған, екі дүниенің сардары пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туған айы – Мәуліт мерекесі тәлім мен тәрбиеге толы рухани басқосуларда атап өтіліп жатқанын, мешіттерімізде Аллаға мадақ, пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтылып, тәуелсіз еліміздің рухани тұтастығы мен халықтар бірлігі үшін дұға жасалуда екенін айтып өтті.

Кеште «Әбу Бәкір Сыддық» медресес-колледжі шәкірттерінің орындауында екі дүние сардарына (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) арналған салауат айтылып, мәуліт жыры оқылып, илләһи әндер шырқалып, тағылым, насихаттар айтылды.

Облыстық Әйел-қыздар секторынан ұйымдастырылған «Пайғамбарға  салауат» бәйгесінің жүлдегерлеріне сыйлық табыс етілді. Рухани іс-шараға жергілікті өнер таланттары, әсіресе жастар белсене қатысып, ақын-жыршылар мен әншілер Алла, оның пайғамбары, имандылық пен бес парыз жайында термелер мен әндер айтты. Олардың шырқаған өсиет термелері мен тағылымдық мәні зор көріністері жүрекке нұр, көзге жас үйірді.

«Шараны Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құрмет көрсету мақсатында жасалғаны анық, сонымен қатар осы мүмкіндікті пайдаланып кері діни ағымдарға қарсы насихаттарға да орын берілді» дейді облыс бас имамы Жолдас Қоспақұлы.

Әсіресе, имандылық жолында сан мыңдаған қиындықтардан жол тауып шығатын, жалпы адамзаттық құндылықтарды дәріптейтін сырлы монологтар, екі түрлы тағылымды қойылымдар, домбырамен орындалған діни ән-термелер тыңдаушының рухани тынығып, ой топшылауына ықпал етті. Мәуліт мерекесін тойлауды қазақтың ұлттық дәстүріне жақындату үрдісі осы күні еркін байқалып тұрды.

Жиналған қала жұртшылығы рухани кештен үлкен ғибрат алып, ризашылықтарын білдіріп тарқасты. Рухани шара соңында мешіт жанашырларына дастархан жайылып ас беріліп, еліміздің амандығына, дініміз исламның көркеюуіне дұға жасалып, «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің бас имамы келген қонақтарға ізгі тілегін айтып, жиылған көпшілік ризашылықпен тарқасты.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру