Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Қарағандыда «Мінсіз Мұхаммед» мәуліт кеші өтті

Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінің баспасөз қызметі ihsan.kz 11.10.2023 1730 0 пікір
Қарағандыда «Мінсіз Мұхаммед» мәуліт кеші өтті

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен республикамыздың түкпір-түкпірінде өтіп жатқан қасиетті мәуліт кеші  Қарағанды облысы өкілдігінің ұйымдастыруымен Кеншілер мәдениет сарайында жоғары деңгейде аталып өтті.

«Мінсіз Мұхаммед» мерекелік рухани кеші Құран оқумен басталып, жиналған жамағат пайғамбарға салауаттар жолдады. Одан кейін Құран аяттары оқылып, Қарағанды облысының бас имамы Естай Айтуғанұлы батасын берді.

Мерекелі мәуліт кеші мәдениет сарайына жиналған ақ жаулықты әжелер қауымының шашуымен жалғасты. Рухани кеште ҚМДБ Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі Смайыл Сүйерқұлұлы арнайы сөз сөйлеп, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының ыстық сәлемін жеткізді. Қарағанды жұртшылығын мәуліт айымен құттықтап, Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ғибратты ғұмырынан сыр шертті.

Кезекті құттықтау сөз Қарағанды облысы дін істері басқармасының басшысы Жанболат Ахуанұлына берілді. Кеш барысында қасиетті мәуліт оқылып, дәстүрлі әндер шырқалып, діни әуендер асқақтап, тәлімдік термелер айтылды.

Кеш соңында Қарағанды облысының бас имамы Естай Айтуғанұлы жиналған халықты мәуліт айымен құттықтап, насихатын жеткізді. Сондай-ақ, мәуліт мерекесін тойлаудың артықшылығы мен Пайғамбарды сүюдің, оның хақ жолымен жүрудің маңызына тоқталды.    

Рухани шара қайырымдылық бағытында жалғасын тауып, ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында әлеуметтік көмекке мұқтаж, көпбалалы анаға республика бойынша 681-баспананың кілті табысталды.

Бұдан бөлек, «Салауат байрағы» сайысына қатысып, Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) 268 028 мәрте салауат жолдаған Абдиразахов Нұрсұлтан есімді азаматқа кіші қажылыққа жолдама берілді. 260 696 мәрте салауат жолдаған Жарқын Арманбек екінші орынды иеленіп, 200 000 теңгені еншілесе, кезекті үшінші орын 213 909 мәрте салуат айтқан Айыпхан Думанға бұйырып, 100 000 теңгені еншілеп қайтты. Он күнге жалғасқан сайыста Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) 6 252 939 мәрте салауат жолданды.

Рухани кештің құрметіне орай жамағат арасында кезекті ұмра қажылығына жолдама ойнатылып, қасиетті мекенге жетелейтін сертификат Гүлсая Мергенқызы есімді кеш қонағына бұйырды. 

Шарапатты мәуліт мерекесіне келген Қарағанды жұртшылығы ерекше әсерге бөленіп, өздерінің толқыныстарын жасыра алмай, көз жастарына ерік берді. Әрі қызу қошемет білдірген көрерменнің ықыласы шексіз болды.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру