Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ШҚО: Ерекше Мәуліт кеші өтті

Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітінің баспасөз қызметі furqan.kz 10.10.2023 1399 0 пікір
ШҚО: Ерекше Мәуліт кеші өтті

ҚМДБ Шығыс Қазақстан облыстық өкілдігінің ұйымдастыруымен Өскемен қаласында «Ізгілік жаршысы – әз Мұхамед» атауымен рухани кеш өтті. Бұл жолғы Мәуліт ғибраттық бағдарламаға негізделген бағытта әрі өзгеше өрнекте өтті.

700 адамдық «Достық» үйінің залы көрерменге лық толды. Алдымен ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірінен бейнебаян көрсетілді. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  құрметіне арналған рухани кеш Құран оқумен басталып, жыршы, термеші Марат Сүгірбай және «Халифа Алтай» мешітінің қызметкері Ербол Саргелов жас шәкірттермен бірге рухани мәуліт жырын оқыды. Қобызда қалықтаған мәуліт жыры көрермендерге ерекше әсер етті.

Рухани кешке қонақ ретінде белгілі жырау, домбырашы, профессор, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматов және әнші, термеші Қазақстанның Еңбек сіңірген қызметкері Әлмырза Ноғайбаевтар қатысып, тағылымды жыр-термелерін көрерменге ұсынды. Қазақтың жыраулық өнерінде орны бар, ұлттық мұраны ұлықтап жүрген Алмас Алматов пен Әлмырза Ноғайбаевқа халықтың құрметі айрықша болды.

Кеш барысында дәстүрлі әндер шырқалып, діни әуендер асқақтап, тәлімдік термелер айтылды. Облыстық «Жастар театрының» «Пайғамбарды көрген түркілер» қойылымы көрерменге ой салып, Исламның тарихына жетеледі. «Зайсан мешітінің» шәкірттері діни өлеңдер оқып, көрермендерді тәнті етті.

Рухани-ғибраттық кешті ШҚО және орталық «Халифа Алтай» мешітінің бас имамы Ермек Қасболатұлы қорытындылап, сөз сөйледі.

«Адамзаттың ұлы тұлғасы ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеге келген айын рухани мейрам ретінде атап өту – бұрыннан келе жатқан дәстүр. Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ғибратты ғұмыры барлық адамзатқа өнеге. Оның тағылымы сарқылмас кәусар іспетті, сондықтан да ұлық Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) барлық құрмет лайық. Біз осынау рухани кешті өңір жұртшылығы сіздерге арнап ұйымдастырып отырмыз» деп атап өтті бас имам.

Кеш аяқталған соң көрермендер рухани кештің әсерін бөлісіп, Мәуліт мерекесінің жақсы деңгейде ұйымдастырылғандығын айтып, өкілдікке ризашылығын білдіріп жатты. Осылайша Өскемен аспанында Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтылған мадақ асқақтады.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру