Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Атырау: Мәуліт кешінде мешіт тазалықшысына қажылыққа жолдама берілді

Атырау облыстық «Иманғали» мешітінің баспасөз қызметі amin.kz 07.10.2023 1404 0 пікір
Атырау: Мәуліт кешінде мешіт тазалықшысына қажылыққа жолдама берілді

Қасиетті Мәуліт айының құрметіне Атырауда «Тұғырлы тұлға – Әз Мұхаммед» тақырыбымен рухани шара өтті. Мәуліт кешіне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғаров арнайы қатысты.

Зиялы қауым өкілдері, әжелер мектебі, қала тұрғындарының қатысуымен Атырау облыстық орталық «Иманғали» мешітінің ұйымдастыруымен Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында өткен рухани кеште «Өнер қырандары» театры театрландырылған қойылымдарды көрермен назарына ұсынды.

Кеш барысында Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы жұртшылықты мерекемен құттықтады. Бас имам Мәуліт айын – рухани тәрбие айы деп атады. Және бұл айда білім алуға, ізденуге, жақсы істер жасауға ұмтылуға шақырды.

«Шарапатты мәуліт мерекесі біздің халқымызға да құтты болсын. Осынау айтулы мейрамның аясында Алла Елшісін (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жақсырақ танып, өсиеттерін тереңірек түсінуді  нәсіп етсін. Осы мереке адамдар арасындағы рақым-мейірімнің, имандылықтың, бауырмалдық-тың арта түсуіне бір сеп болғай. Пайғамбардың әміріне мойынсұнып, тыйымынан тыйылуға түрткі болғай. Адамзаттың асыл тәжі, тектілердің төресі, асылдардың асылы, ізгілердің ізгісі, дегдарлардың дүрі, Пайғамбарлардың имамы, екі дүниенің бекзаты Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Жаратқан Иеміздің жаратқан нәрселерінің санындай, Аршысының салмағындай, Өзі разы болғандай сансыз салауаты мен сәлемі болсын!» деді бас имам.

Сондай-ақ рухани кеште мешіт тазалықшысы Гүлбаршын Сағынбековаға қасиетті қажылық сапарына жолдама табыс етілді. Атырау облыстық орталық «Иманғали» мешітінде ұзақ жылдардан бері тазалықшы болып еңбек етіп жүрген Гүлбаршын Сағынбековаға қажылыққа жолдаманы өңірге арнайы сапармен келген наиб мүфти Ершат Оңғаров табыс етті.

«Қажылық – мұсылмандар үшін сабыр мен талпынысты үйрететін мектеп. Қажылық мектебі үздіксіз ғибадат жасату арқылы нәпсінің тізгінін тартып ауыздығын салады, мұсылман бауырларды бір-бірін сыйлап, сыпайылық танытуға үйретеді. Осынау керемет сапарға Алла қалаған адам ғана бара алады» деп атап өтті наиб мүфти Ершат Оңғаров.

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру