Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Абай: Бас имам – Үржар ауданында

Абай облыстық өкілдігінің баспасөз қызметі alashdin.kz 02.10.2023 1651 0 пікір
Абай: Бас имам – Үржар ауданында

Абай облысының бас имамы Асқар Әбітайұлы Үржар ауданына арнайы іссапармен барды.

Жоспарға сәйкес бас имам алдымен аудан-ауыл имамдарымен кездесіп, тұрғылықты жердің діни хал-ахуалын білді. Кейін жиналған дін қызметкерлеріне «Діни экстремизмнің алдын алу: теориясы мен практикасы» тақырыбында семинар өткізді.

«Жат ағым бактерия, вирус сияқты. Қай жерде әлсіздік болса, қай жерде сақтану, алдын алу шарасы болмаса, сол жерде өркен жаяды. Сондықтан да, әрбір азамат өзі дұрыс діни ақпараттармен өзінің имани иммунитетін күшейтіп, өзіне рухани сүзгі қалыптастырса, дінді сенімді қайнарлардан үйреніп, дұрыс ақпараттармен сусындаса, одан сақтануға болады» деді Асқар Әбітайұлы.

Семинар соңында қатысушылар сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптарын ала алды. Бұдан кейін облыс бас имамы таяуда қолданысқа берілетін қайырымдылық мекемесімен танысты. Мұнда отыз бес шәкірттің орналасуына қолайлы жағдай жасалған. Оқу бөлмелері, заман талабына сай техникамен жабдықталған асханасы мен футбол алаңы да бар.

«Мекемеде шәкірттердің жан-жақты білім, тәлім-тәрбие алуы үшін қолайлы жағдайдың барлығы жасалған. Мақсатымыз – отаншыл, иманды, білімді жастар санын арттыруға үлес қосу» деді қайырымдылық мекемесін таныстырған Үржар ауданының бас имамы Мәди Мұхтанов.

Айта кетейік, аталған қайырымдылық мекемесі жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Сондай-ақ облыс бас имам Асқар Әбітайұлы Үржар ауданының тұрғындарымен кездесті. «Құмар ойын құрдымға құлатады» тақырыбында өткен кездесуге Үржар ауданы әкімінің орынбасары Біржан Тұрлыбеков, психолог мамандар мен құзырлы мекеме қызметкерлері де қатысты.

«Харам етілген ойынға қызығушылық танытқан адам бастапқыда өзін тыймаса, соңы өкінішке апарып соқтырады. Өйткені харам жолмен табылған дүниеде береке болмайды. Отбасын сол ақшамен асырамақ болса, отбасы мүшелеріне жұмсалған дүниеден пайдаланған әрбір әрекет үшін күнә жазылады. Бұл туралы Құран Кәрімнің «Мәида» сүресінің 90-91-аяттарында былай деген: «Әй, мүміндер! Арақ, құмар, тігілген тастар (пұттар) және бал ашатын оқтар лас, шайтанның істерінен. Одан сақтаныңдар, құтыларсыңдар. Негізінен шайтан арақта, құмарда араларыңа дұшпандық әрі кек салып, Алланы еске алудан және намаздан қалдыруды қалайды. Ал сонда да тыйылмайсыңдар ма?»

Жоғарыдағы аятта «Құмар ойындар шайтанның лас істерінен» делінген. Құран Кәрімде құмар ойындар мас ететін ішімдіктермен бір қатарға қойылып, олардың адамға, отбасына, қоғамға және моральға тигізетін кесірі бірдей екені көрсетілген. Сондықтан, шариғат адамға зиян келтіретін ойындардың бәріне тыйым салады. Құмар ойындарына – ақша тігіліп ойналатын кез-келген ойын түрін жатқызуға болады. Еңбексіз әрі пайызбен табылған ақша халал болып есептелмейді» деді Асқар Мұқанов.

Кейін кездесу сұрақ-жауап форматына ауысып, жиналған жастар қауымы көкейлерінде жүрген сұрақтарына жауап алды.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру