Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Түркістан: Қыз-келіншектер форумы өтті

Түркістан облыстық өкілдігінің баспасөз қызметі 28.09.2023 2466 0 пікір
Түркістан: Қыз-келіншектер форумы өтті

Киелі Түркістанда тұңғыш рет «Қыз – ұлттың анасы» тақырыбында республикалық деңгейде қыз-келіншектерге арналған  рухани форум  өтті.

Қай ғасырда да ұлттың анасы, тәрбиешісі бола білген қазақ қызын 21 ғасырда да сол қалпынан, сол тәрбиелігінен, даналығынан айырмай  өскелең ұрпаққа насихаттау болмақ. Осы мақсатта рухани шаһардың төрінде ҚМДБ Түркістан облыстық өкілдігінің қолдауымен және «Қайсар қазақ» ұжымының ұйымдастыруымен өткен жиынға еліміздің түкпір-түкпірінен танымал қоғам қайраткерлері,  белгілі имамдар  мен ұстаздар келді.

Басқосуда қоғамдағы өзекті болған түрлі тақырыптар көтерілді. Кеш тізгінін «Қазақ аналары – дәстүрге жол» жобасының авторы, актриса, продюссер Айнұр Жүнісова қолға алды. Рухани бас қосуды «Ұлт ғұмыры текті қызға тәуелді» деп Түркістан облысының бас имамы Ержан Сматұлы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының құттықтауын жеткізіп ашып берді. Одан бөлек Түркістан облысы Сайрам ауданының бас имамы Арыстан Оразалыұлы, әдебиетші Ақан Мергенбай, Абай Қалшабек әсерлі әңгімелерімен бөлісті.

Сонымен қатар ҚМДБ Әйел-қыздар секторының меңгерушісі Динара Нұрғалиева, сектордың әр өңірдегі жауапты өкілдері Эльмира Бұхарбаева (Астана), Балжан Досжанова (Шымкент), Гүлмира Ілесбайқызы (Алматы қаласы), Еңлік Әбиева (Түркістан облысы), Жазира Иманалиева (Жамбыл облысы), сондай-ақ Жамбыл ауданы «Бәйдібек» мешітінің ұстазы Жайна Бекназарова қыз тәрбиесіне қатысты орамды ойларын ортаға салды.

Бұл жиынның тағы бір мақсаты – дәстүрлерімізді ұлықтау, салтымызды жандандыру. Келер ұрпаққа насихаттауды көздеген белсенді әжелеріміздің қатысуымен тұсаукесер, қыз ұзату, қазан шегелеу сияқты т.б. дәстүрлеріміз көрініс тапты. Ұлттық нақыштағы ерекше киімдерге сый-сияпаттар табысталды. Салт-дәстүрге қатысты қойылған сұрақ-жауаптар жиынды қыздырды. Шарада арнайы қызметте болған Түркістан облыстық «Шұғыла» қыз-келіншектер мектебінің ұйымдастырушылары мен мектеп мүшелеріне алғыс білдіреміз.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру