Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Наиб мүфти – Түркістан облысында

Түркістан облыстық өкілдігінің баспасөз қызметі 21.09.2023 1748 0 пікір
Наиб мүфти – Түркістан облысында

ҚМДБ Төрағасының орынбасары, Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы Түркістан облысына жұмыс сапарымен барды.

Алдымен наиб мүфти Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитовпен кездесті. Аудан басшысымен кездесуде жергілікті діни ахуал сөз болды. Бұдан кейін Ержан Сматұлының ұйымдастыруымен өткен «Деструктивті бағыт – дін емес» тақырыбында имамдардың білімін жетілдіру семинар-тренингіне қатысты. Іс-шарада наиб мүфтиден бөлек, Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі Хасан Аманқұл және Түркістан облысы Дін істері басқармасының басшысы Рүстем Сабыржанұлы арнайы қатысып, имамдарға дәріс оқыды.

Бір күнге созылған шарада Сайрам, Түлкібас және Төлеби аудандарының имамдары қамтылды. Діни қызметкерлерге Ақида, Фиқһ дәрістерінен өзекті мәселелер кеңінен талқыланып, имамдар тарапынан қойылған сұрақтарға тұшымды жауаптар берілді. Бұдан кейін діни оңалту жұмыстарына жауапты мамандармен жат ағымның алдын алу шаралары талқыланды. Имамдар тарапынан жат ағым өкілдерімен кездесу барысында кездескен түйткілді шаруалар кеңінен талқыланып, спикерлер өздерінің тәжірибелерін бөлісті.

Келесі күні Сансызбай Құрбанұлының іссапары Бәйдібек ауданында жалғасын тапты. Наиб мүфти Аппақ-Ишан мешітін зиярат етіп, ондағы жәдігерлермен жақыннан танысты.  Одан соң аудан орталығындағы салынып жатқан аудандық мешіттің құрылысын аралап көрген наиб мүфти мешіт құрылысына атсалысып жүрген барша азаматтарға дұға жасады.

Сондай-ақ аудандағы жаңадан бой көтерген 100 мың кітап қоры бар кітапхананың тыныс-тіршілігімен танысып, кітапхана қорына ҚМДБ сараптамасынан өткен діни мазмұндағы кітаптарды сыйға тартты. Бұл шарадан соң колледж студенттерімен «Үлкенге құрмет – кішіге ізет» тақырыбы аясында арнайы кездесу өтті.

 
 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру