
«Ислам және ізгі қоғам» жылы аясында ҚМДБ Павлодар облыстық өкілдігі, қалалық «Омар әл-Фаруқ» мешітінің бастамасымен «Баянтау» спорт кешенінде облыстық «Имам барысы» турнирі өтті.
«Имам барысы» додасына барлық қала, аудан мешіттерінен бір-бір дін қызметкері, барлығы 20 имам-молда арнайы қатысып, қазақ күресінен өзара күш сынасты.
«Жарыс барысында салмаққа шектеу болған жоқ. Яғни, абсалют бағытымен өтті. Балуан имамдар бәсекесі қызықты, тартымды болды» дейді Павлодар облысының бас имамы Жолдас Бертымұратов.
Аталмыш жарыста Ертіс ауданы Сілеті ауылындағы «Амангелді қажы» мешітінің имамы Даулат Баязитов жүзден жүйрік атанып, бірінші орынды иеленді. Жеңімпазға 70 мың теңге табысталды. Екінші орынды және 50 мың теңгелік сертификатты қалалық «Әбу Бәкір Сыддық» медресесінің ұстазы Бекболат Сапаров иеленді. Ал үшінші орынды және 40 мың теңгені қалалық «Ақмешіт» мешітінің азаншысы Нұрбек Адамжанов алды. Ынталандыру жүлдесін «Әбу Бәкір Сыддық» медресесінің ұстазы Нұрсұлтан Мамыраев иеленіп, оған 20 мың теңгелік серификат табысталды.
Барлық қатысушылар Алғыс хаттармен марапатталып, «Құран Кәрім» кітабы сыйға берілді.
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру