Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ақтөбе мешіттері 1119 оқушыны мектепке дайындады

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі nurgasyr.kz 31.08.2023 1113 0 пікір
Ақтөбе мешіттері 1119 оқушыны мектепке дайындады

ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының Ақтөбе облысындағы өкілдігінің ұйымдастыруымен өңір мешіттері жылдағы дәстүр бойынша «Мектепке жол» қайырымдылық акциясын өткізді.

Жаңа оқу жылының қарсаңына орай ұйымдастырылған бұл дәстүрлі игі шара тек Ақтөбе қаласында ғана емес, аудандық және ауыл мешіттерінде де жүзеге асты. Мақсат – әлеуметтік аз қамтылған оқушыларды мектепке қажетті оқу құралдарымен қамтамасыз ету. «Мектепке жол» акциясы аясында 1119 ақтөбелік оқушыға қайырымдылық көмек көрсетілді. Оның 759-на имамдар, ал 360 балаға «Анвар» гипермаркет сауда үйі тарапынан Ойыл ауданындағы оқушыларға қосымша көмек ретінде қайырымдылық жасалып, әр оқушыға сөмке мен оқу құралдары үлестірілді.

Облыстың бас имамы Серікжан Еншібайұлы дініміздегі білім алудың орны мен білімнің маңыздылыған тоқталып, әрбір ер мен әйелге білім алудың парыз екендігін айтты. «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өзінің күнделікті жұмысында қайырымдылық іс-шараларына басымдық береді. Халқымыз «Қуантсаң баланы қуант, ақылына сәуле түссін» дейді. Бүгінгі іс-шараның басты мақсаты да осы – баланың жүрегіне қуаныш ұялату. Алла Тағала осы балалардың зейінін ашып, еліміз бен жеріміздің игілігіне қызмет ететін тұлғалар болуын нәсіп еткей. Әр отбасыға бақыт пен жақсылық тілеймін!»,- деді Серікжан Еншібайұлы.

Сонымен қатар бүгінгі өскелең ұрпақ – болашақ бастауы екендігін айтып, дәстүрлі түрде өтетін мектеп оқушыларына қолдау ретіндегі шараның маңыздылығына тоқталды. Одан өзге қайырымдылық акциясына атсалысқан қолы ашық, жомарт жандарға ризашылықтарын білдіріп, кәсіптеріне береке тіледі. Ал игі шараларға жиналған ата-аналар қайырымдылық акциясын ұйымдастырған Ақтөбе облыстық өкілдігіне қарасты барша мешіт қызметкерлері мен демеушілік көрсетіп, ізгі шараға бір ауыздан ат салысқан барлық жомарт жандарға өз алғыстарын айтты.

Айта кетсек, облыс бас имамы сауабы мол игі шара туралы БАҚ өкілдеріне сұхбат берді.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру