Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Атырауда «Қыз тәрбиесі – аманат» тақырыбында облыстық семинар өтіп жатыр

28.07.2023 1095 0 пікір
Атырауда «Қыз тәрбиесі – аманат» тақырыбында облыстық семинар өтіп жатыр

 

Атырауда облыстық орталық «Иманғали» мешітінің ұйымдастыруымен Абай орталығында өтіп жатқан «Қыз тәрбиесі – аманат» облыстық семинары басталды.

Қырыққа жуық аналар, қыз-келіншектер қатысып жатқан семинарда ұлтымыздың ұяты – қыз балалар тәрбиесі туралы тағылымды насихаттар айтылуда.

Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы жас ұрпақты ұлттық игіліктер мен адамзаттық құндылықтар, рухани-мәдени мұралар сабақтастығын сақтай отырып тәрбиелеу басты назарда болуы керектігін атап өтті.

«Қазақ «Қызға қырық үйден тыйым, қала берді есіктегі күңнен тыйым» деп, қыз баланың еркін өскенін қалағанмен, бірақ тым шолжаңдатып, еркінсітіп те жібермеген. Керек кезінде ел болып, жұрт болып оның арын күзетіп, әдебі мен тәрбиесін көп болып қадағалаған. «Әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» дейміз, ол рас, дегенмен «Әйел бұзылса, әлем бұзылатыны да» қоспасыз шындық. Өсіп келе жатқан жас қыз ол болашақ жар, келін, бір шаңырақтың ұйытқысы, ұрпақ тәрбиелейтін ана, бір әулеттің абыройы. Сол жас қыздарға тәрбие бере алмасақ, үлгі көрсетпесек, олар болашақта өз ұрпағына не үйретеді?

 

 

Абайдай дананы көргенді, текті кешегі Ұлжан, Зере апалар тәрбиелеп өсірмеді ме?! Қасиетті Домалақ ана, Айша бибі, Жаған бегім, Нұрбике ханым, Айғаным, Ұлпан сынды басқа да дана аналарымыздың қалдырған үлгілері қандай керемет! Ислам тарихына қарасақ, Хадиша анамыз саудагер, Айша анамыз білімпаз, ал Зейнеп анамыз қолы шебер жан болғанын көреміз. Бұл бізге қыздарымызды қабілет-бейіміне қарай жан-жақты етіп өсіруді, қоғамға пайдалы етіп тәрбиелеу керектігін ұқтырады. Сондықтан жас шыбықтай жас өскін қыз балалардың бойына мұсылман әдептерін, ислам қағидаларын сіңіруде кеш қалмауға тырысуымыз қажет» деп атап өтті Бас имам.

Еске сала кетелік, семинарда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Әйел-қыздар секторының» меңгерушісі Динара Құтқожақызы, Атырау облысы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі бас инспектор Зәмзагүл Жалмурзина, «Хиуаз» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Балымша Юсупова, ҚМДБ «Әйел-қыздар секторының» Атырау облысы бойынша жауапты өкілі Ардақ Сайынқызы «Қызға қырық үйден тыйым», «Ұрпақ тәрбиесі – өзекті мәселе», «Әженің тәрбиесі» тақырыбында баяндама жасап жатыр.

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру