Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

АБАЙ ОБЛЫСЫНДА «ХАЛАЛ» АПТАЛЫҒЫ ӨТТІ

Абай облыстық өкілдігінің баспасөз қызметі alashdin.kz 20.03.2023 1348 0 пікір
АБАЙ ОБЛЫСЫНДА «ХАЛАЛ» АПТАЛЫҒЫ ӨТТІ

ҚМДБ «Халал Даму» стандарттау және сертификаттау орталығының директоры Айбек Аташев пен технолог Әсел Таңатар Абай облысына арнайы іссапармен барды.

Алдымен мекеме директоры Абай Құнанбайұлы орталық мешітінде имамдарға семинар-тренинг өткізді.  «Халал – шариғат талабы» тақырыбында өткен шараға қала, аудандардан 30-ға жуық имам қатысты.

Семинар барысында Айбек Асқарбекұлы кәсіпорындарға қалай тексеріс жұмыстары жүргізілетінін, халал сертификаттары қалай берілетінін және енгізілген өзгерістер төңірегінде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, табиғи қоспалар және доңыздан өндірілген түрлі заттардың діни және ғылыми негіздерге сүйеніп, харамдығын дәлелдеп берді.

Бұдан кейін семинар-тренинг «Шәкәрім Құдайбердіұлы» университетінде жалғасын тапты. Айбек Асқарбекұлы семейлік кәсіпкерлермен кездесіп, халал өнім өндірудің маңыздылы турасында дәріс оқыды. Сондай-ақ семинарда сөз алған Абай облысының бас имамы Асқар Әбітайұлы «Қазақ халқы қашанда адал ұғымына ерекше мән берген. Тарихқа үңілсек ата-абаларымыз тұлпарына доңыздың басқан шөбін жегізбей, адалдықты ұстанып, Алланың ақ жолынан жаңылмаған. Қазақ халқы адалдықты ерекше бағалаған. Адал жар, адал дос, адал ас, адал еңбек, адал перзент секілді т.б. ұғымдардың бәрі ұлтымыз үшін қасиетті құндылықтар» – деді.

Апталық барысында Абай Құнанбайұлы атындағы орталық мешіт аумағында халал өнімдер жәрмеңкесі өткізілді. Жәрмеңкеге 10-ға жуық кәсіпорын қатысып, өз өнімдерін халыққа ұсынды. Өңірге арнайы іссапармен келген ҚМДБ «Халал Даму» стандарттау және сертификаттау орталығының директоры Айбек Аташев халал сертификатын алған кәсіпорындарды қадағалап, бұл жәрмеңкенің тұтынушыларға халал өнімді тікелей өндірушіден нарықтық бағадан төмен алуға таптырмас мүмкіндік екенін атап өтті.

«Абай Құнанбайұлы атындағы орталық мешітінде Айбек Асқарбекұлы құптан намазының уағызын жүргізді. Мешітке жиналған жамағатқа халал өнімдерін тұтынудың маңыздылығы жайлы түсіндіріп, қасиетті Құран Кәрімнен және ардақты Пайғамбарымыздың(с.ғ.с) өмірінен мысалдар келтірді. Уағыз-насихат соңында жамағатпен сұрақ-жауап ұйымдастырылып, қойылған сұрақтарға тұшымды жауап берілді.

Сонымен қатар «Халал Даму» технологы Әсел Таңатар мен Абай облысы бойынша бақылаушы өкіл Айдын Жүнісбек Семей қаласының «Маки Маки» фаст-фуд өнімдерін, «Айша» сауда белгісімен танымал «Қалиқанұлы» ШҚ сүт өндірісін тексерді. Аудит қорытындысы бойынша, шариғат шарттары мен халал стандарты ережелерін бұзу жағдайлары тіркелмеді. Сонымен қатар, ұн өндіруші кәсіпорын мен «Semey Tennery» тері заводы халал сертификатын алуға ниет білдірді. Оларға халал өнімді тұтынудың маңыздылығы, сертификатты алу үшін не істеу қажет екені жіті түсіндірілді.

Бұдан бөлек халал ұғымын кеңінен насихаттау мақсатында әйел жамағатына арналған семинар өтіп, оған 20-дан астам қыз-келіншек қатысты. Технолог маман Әсел Таңатар кездесуде тағамдық қоспалар, химиялық  мен күмәнді заттарды пайдаланудан туындайтын аурулар, халал өнімдерді тұтынудың маңыздылығы жөнінде дәріс оқыды. Жиналған жамағат технолог маманға толғандырған сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды.

 

 

 

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру