Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ақтөбе: Алғаш рет «Қыс – мүміннің көктемі» марафоны өтті

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі nurgasyr.kz 01.03.2023 696 0 пікір
Ақтөбе: Алғаш рет «Қыс – мүміннің көктемі» марафоны өтті

Ақтөбеде көктемнің алғашқы мерекесі 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай «Адамға алғысы жоқтың, Аллаға шүкірлігі жоқ» тақырыбында рухани кеш өтті.

Аталған шараға Ақтөбе қаласынан бөлек Мұғалжар, Хромтау, Алға, Шалқар, Қобда аудандары мен Астана қаласынан жалпы саны  120-ға жуық әйел жамағаты қатысты.

Шарада Ақтөбе Әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен тұңғыш рет облыстық деңгейде «Қыс – мүміннің көктемі» атты бір жарым айдан астам уақытқа созылған онлайн марафонның корытындысы жарияланып, жеңімпаздар марапатталды. Рухани кештің шымылдығын облыстың бас имамы Серікжан Еншібайұлы ашып, жиналған әйел жамағатын  «Алғыс айту» күнімен кұттықтап, уағыз-насихат айтып, сөз соңында көптеген игі амалдарға мұрындық боп жүрген ұстаздарға  алғыс хат табыстады.

Сөз тізгінін алған сектор жетекшісі Кенжегүл Қошқарова «Қыс – мүміннің көктемі» марафонының мақсатын тағы да бір еске салды. Бұл марафон ауқымды бірнеше тақырыптарды қамтыды. Қыс мезгілін тиімді пайдалану мақсатында инстаграм және телеграм әлеуметтік желілерде  салауат, зікір, күнделікті дұғалар айтылды. Қала, аудан ұстаздары әр күні кезектесіп тікелей эфирде уағыз-насихаттар жүргізді. Сондай-ақ бір ай бойы қари ұстаз Мусаева Зейнептің жетекшілігімен Құранды хатым етіп, жамағатпен оқудың сауабына да кенелді. Жақсы әдеттер қалыптастыру мақсатында ай бойы Мұғалжар ауданы «Нұртай» мешіті ұстазы Самаева Айданамен жамағат бір кітапты тәмамдап қана қоймай, пікір талқы да жасалды. Ал «Досжан хазірет» мешітінің ұстазы Жилисбаева Ақжарқынның ұйымдастыруымен мешіт жамағаты қайырымдылық шарасын жасап, көше тазалықшыларына қызмет көрсетті. Марафон аясында бірнеше мәрте викториналық сұрақтар, онлайн сайыстар, таза ауада спорттық шаралар да ұйымдастырылды.

Марафонға  қатысқан 456 нәзік жандылардың ішінен оза шауып, мәреге бірінші жеткендер бірнеше номинация бойынша марапатталды.

Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айту номинациясы бойынша жауапты ұстаз Қойшығұлова Анар жеңімпаздарды анықтап, Түйебаева Дәметкен апай (59860),  Молдашева Бақшагүл апай (54000) және Аншибаева Ақгүл (52015) алғыс хат, бағалы сыйлықтар табыстады.

Сонымен қатар кітапталқы мен тікелей эфирде өткізілген интеллектуалды сайыстың көптеген жүлдегерлеріне де алғыс хаттар, бағалы естелік сыйлықтары табысталды.

Шара барысында көпшіліктің де білімдері сынға түсіп, «kahoot» жүйесінде «Пайғамбарымыздың өмірбаяны мен Ислам тарихы» бойынша сұрақ-жауап ойыны ұйымдастырылып, ойын нәтижесі бойынша жеңімпаздар да өз сыйлықтарына ие болды.

«Алғыс күні» мерекесіне тарту ретінде мешіт шәкірттерінен өлең-жырлар оқылып, қос ішектен күмбірлеп терме-жырлар төгілді. Ұстаздардан әсерлі, ғибратты уағыздар да тыңдалды.

Жалпы мерекелік рухани кеш жоғары дәрежеде өтіп, ақ жаулықты аналар мен жастардан «Осындай рухани кештер жалғасын тауып, көптеп ұйымдастырылса» деген ізгі тілектер білдірілді.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру