Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«Әжелер мектебі – тәрбие негізі» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі nurgasyr.kz 01.03.2023 2560 0 пікір
«Әжелер мектебі – тәрбие негізі» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде облыстың бас имамы Серікжан Еншібайұлының бастамасымен, «Ислам және ізгі қоғам» жылы аясында өкілдікке қарасты Әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен «Әжелер мектебі – тәрбие негізі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

«Дін мен дәстүр» бағытында өткен игі шараға қала мешіттерінің жанындағы сауат ашу курсында білім алып, іс-шараларға белсенді қатысып жүрген әжелер қатысты. Облыстың бас имамы кездесу барысында бала тәрбиесіндегі әженің рөлі туралы айта келе, ақ жаулықты аналардың атқарып жатқан еңбегі зор екенін атап өтті.

«Алла тағала әйел затын қыз бала, жар, ана ретінде мол сауаптарға кенелтіп, мәртебесін көтергенін білеміз. Жақсы әйелдің сөзінде даналық, рухында нәзіктік пен кіршіксіз тазалық, адамдармен қарым-қатынасында әрдайым өзін еріксіз сыйлататын және құрмет тудыратын қасиет болады. Парасатты жандар оның әлгіндей асыл қасиеттерін сезіп, пенделік сезімдерін ғибрат пен терең ойға еріксіз бұрады. Арлы, тәрбиелі және өз ошағына берік әйелдің үйі – Жәннаттың бір бұрышы. Ислам әйел адамның мәртебесін көтерді, әдебі мен тәртібін үйретті. Сол заңдылықтарды ұстана отырып амал жасап, салихалы әйел болып, Алланың разылығы мен жәннатына қол жеткізу әйел атаулысының өз қолында», -дей келе Серікжан Еншібайұлы бүгінгі қоғамдағы отбасылық құндылықты сақтауда әжелердің атқаратын ықпалы зор екенін айтты. 

Ізгі қоғамдағы «Әжелер» мектебінің маңыздылығына тоқталды. Ал сектор жетекшісі Кенжегүл Кушкарова өз кезегінде әрбір іс-шарада әжелер белсенділік танытып, жас буынға бағыт-бағдар беріп, ақыл-кеңестерін айтып, өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп отыратынын мәлімдеді. 

Сонымен қатар дөңгелек үстелде дәстүрімізді насихаттауға арналған облыстық «Нұр Ғасыр» мешітіндегі әжелерден құралған «Шебер қолдар» үйірмесінің жұмысы туралы айтылып, жетекшісі Гүлмаржан Қарақұлова үйірмені жандандыру мақсатында жеке бөлме мәселесін қарастыру туралы бас имамға өтінішін білдірді. Айта кетсек, үйірмеге қатысушы сауат ашу курсының шәкірттері арасында әжелерден қолөнерді үйреніп, табыс көзіне айналғандарда бар.

Одан өзге мешіттерде әжелер мектебінің жұмысын жандандыру туралы бас имамның ұсынысына ақ жаулықты әжелер қолдау білдірді. Әжелер өз кезегінде «Әйел-қыздар» секторының өткен жылғы атқарған жұмыстарына оң бағасын беріп, салт-дәстүрге байланысты тәлім-тәрбиелік мағынасы зор іс-шаралар жоғары деңгейде өткенін атап өтті. Сондай-ақ имамдарғада алғысын атып, ақ батасын жаудырды. Шара қортындысында дөңгелек үстелге қатысқан әжелерге сыйлық ретінде «Мұнара» газеті мен «Иман» журналы табысталды.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру