Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Елорда мешіттерінің шәкірттері театр қойылымын тамашалады

muslim.kz 16.02.2023 2594 0 пікір
Елорда мешіттерінің шәкірттері театр қойылымын тамашалады

ҚМДБ Жастар ісі секторы Астана қаласы өкілдігінің ұйымдастыруымен елордадағы 13 мешіттің 500-ден астам шәкірті «Алтайдан ауған ел» қойылымын тегін тамашалады.

Астана төріндегі Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында өткен арнайы шараға «Астана» медресе-колледжінің және Еуразия Ұлттық университетінің студенттері, имамдар мен ұстаздар қауымы да қатысып, рухани толқып қайтты.

Астана өкілдігінің арнайы сұрауымен көрермендерге кешегі кер замандарда тарыдай шашыраған қазақтың Алтайдан Анадолыға дейінгі азапты жолы, қаралы көшін суреттеген «Алтайдан ауған ел» қойылымы қойылып, көпшіліктің көзіне жас ұялатты.

Қойылымнан соң Астана қаласының бас имамы Ерболат Жүсіпов сахнаға көтеріліп, театр ұжымына көрермендер атынан шексіз алғысын білдірді. Сондай-ақ, бүгінгі шараның маңыздылығына тоқталып, осындай игі іске қолдау көрсеткен театр ұжымына сый-сияпат табыстап, ізгі тілегін білдірді.

Бұдан соң көрермендер арасында арнайы викториналық сайыс ұйымдастырылып, бүгінгі шараның ұмытылмастай әсері әрмен қарай жалғаса түсті. Жастар ісі секторының ұйытқы болуымен дұрыс жауабын тапқан жандарға арнайы сыйлықтар табысталды.

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру