Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Маңғыстау: Жылдың жұмыс жоспары айқындалды

Маңғыстау облыстық «Бекет ата» мешітінің баспасөз қызметі beket-ata.kz 09.02.2023 2924 0 пікір
Маңғыстау: Жылдың жұмыс жоспары айқындалды

Маңғыстау облыстық орталық «Бекет ата» мешітінде бас имам Әнуар Ізімбайұлының төрағалығымен өңір имамдарының алқалы жиыны өтті.

Жиын барысында дін қызметкерлері Алла Тағаладан Түркия мен Сирия жұртының амандығын тілеп, арнайы дұға жасады. Ақтау, Жаңөзен қалалары және Бейнеу, Қарақия, Маңғыстау, Мұнайлы, Түпқараған аудандарына қатысты мешіттердің бас имамдары, наиб имамдары және ұстаздары қатысқан жиналыста облыс бас имамы «Ислам және ізгі қоғам» жылында баса назар аударылуы тиіс бес бағыт: «Дін мен дәстүр», «Ізгі қоғам», «Ихсан және насихат», «Діни оқу-ағарту» және «Жат діни ағымдардан сақтандыру» бойынша ҚМДБ тарапынан бекітілген жұмыс жүргізу жоспарын таныстырып, дін қызметкерлерін аталған іс-шараларды жүзеге асыруда табанды әрі жігерлі болуға шақырды.

Бұдан бөлек, жиналыс барысында ҚМДБ тарапынан қабылданған пәтуаларды халыққа таныстыру, салттық қызмет көрсету жұмысымен айналысатын «Qamqor-Sharapat» мекемесінің қызметін түсіндіру, дін қызметкерлерінің біліктілігін көтеруге арналған семинарлар мен курстарды ұйымдастыру сияқты сұрақтарға көңіл бөлініп, имамдардың ұсыныс-пікірлері тыңдалды.

Жиын соңында 2022 жылдың қорытындысы бойынша өңіріміздегі мешіт істеріне жауапты облыстық орталық «Бекет ата» мешітінің наиб имамы Қайрат Қошкелдіұлы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының алғыс хатымен марапатталды.  

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру